Менің Отаным – Қазақстан: ақпараттық сағат
2015 жылдың 7 тамызында Абай кітапханасы Семей қ. Затон полиция бөлімшесінде «Менің Отаным – Қазақстан» деген тақырыпта ақпараттық сағат өткізді.
Шара барысында тыңдаушыларға Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан тәуелсіз Қазақстанның тарихы, мәдениеті, байлығы туралы ақпарат берілді. Қазақстан көлемі жағынан тоғызыншы орында тұр. Қазақ жері табиғи ресурстар мен пайдалы қазбаларға өте бай. Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достастықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әр түрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер және т.б. ұлттар еңбектенуде. ТМД елдерінің ішінде ең алғаш Қазақстанда бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Қазақстанның басым бағыты – бейбітшілік, тұрақтылық және ұлтаралық келісім. Ақпараттық сағат аясында туған өлке – Семей жері туралы сыр шертілді. Қилы заманды басынан кешкен ескі қала Семейдің бауырында небір тарихи оқиғалар жатыр. Семей қаласын тербеткен, еліміздің сауда және мәдени орталығына айналуына әсер еткен, бесіктердің бірі де бірегейі Ескі қамал болды. Кітапхана қызметкерлері 2015 жылдың атаулы күндеріне ерекше тоқталып өтті. Олар: ұлы Абай Құнанбайұлының 170-жылдық мерейтойы, қазақ хандығының құрылуына 550-жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл және Қазақстан Конституциясының 20-жылдығы еді. Аталмыш шара слайд көрсетіліммен және патриоттық әндер орындаумен жалғасын тапты.