Мәдениет пен діннің сабақтастығы: кітап көрмесі
2015 жылдың 11 тамызында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Мәдениет пен діннің сабақтастығы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Дін және мәдениеттің өзара байланысы мәселесі бүгінгі күнде де маңызды болып табылады. Адамзат тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Қазақ мәдениеті қайта жаңғыру үшін мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру қажет, оның ішіне философиялық мұралар да кіреді. Көрмеге қазақ және орыс тілдерінде жазылған кітаптар қойылды. Көрмеге қойылған Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні» атты кітабы оқырмандардың ерекше назарында болды. Кітап үш тараудан тұрады. Онда қазақ жеріне исламның қалай келгені, Қазақстандағы исламның рөлі, мемлекеттің дінаралық, ұлтаралық келісімдерді сақтау және нығайтудағы тәжірибелері туралы айтылған. Сонымен қатар А.Г. Косиченконың дінтанушылар, философтар, саясаттанушыларға арналған «Религия: сущность и актуальные проблемы» атты кітабы көрмеден өз орнын тапқан. Ал орыс тілінде жазылған «Ислам в Казахстане: возможности консолидации», «Только в религии человек поистине свободен», «Казахстанский опыт толерантности» атты және тағы басқа мақалалар тұрақты оқырмандарымыздың қызығушылығын тудырды.
Ендеше, діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып-білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және ХХІ-ғасырдағы халқымыздың өсіп-өркендеуінің басты құралы дініміз.