Ядросыз әлем – жаһандық қауіпсіздік кепілі: кітап көрмесі
2015 жылдың 27 тамызында Абай атындағы кітапханасында «Ядросыз әлем – жаһандық қауіпсіздік кепілі тақырыбында» кітап көрмесін ұйымдастырды.
Кітап көрмесінде Кешірім Бозтаевтың, Рымғали Нұрғалидің, Роллан Сейсенбаевтың, Вячеслав Кобриннің, Струан Стивенсон, Е.Л.Якубовскаяның қаламынан туған Семей ядролық полигоны туралы туындылары және Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем – ядролық қарудан бас тартады» деген бастамасы жайында кітаптар, мерзімді басылымдар беттерінде басылған мақалалар пайдаланушылар назарына ұсынылды. Ғалым, әдебиеттанушы Рымғали Нұрғалидің 2004 жылы жарық көрген «Дегелең дерті» кітабын қалың оқырман ыстық ықыласпен қабылдағаны белгілі. Осы кітаптың «Аяқталмаған трагедия» деп аталатын әңгімелер циклінде Семей атом полигонының табиғат пен адам баласына әкелген касіретті тағдыры, мұң-мұқтажы, тыныс-тіршілігі көркем тілмен шынайы суреттелген. Н.Ә.Назарбаевтың 2001 жылы Елордада басылып шыққан «Бейбітшілік кіндігі» атты кітабын автор: «Бұл «ядролық» құндылықтарды танудың шегі мен оны қайта бағалаудың рецептері туралы кітап емес. Бұл кітап – күштің парасатқа өктемдігінің күшейе түскен қатері мен адамзаттың ядролық қауіпсіздік формуласын қинала іздестіруі туралы толғам-кітап»,- дейді. Көрмеге ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарының авторы Құрман Абайұлының «Құбыжық адам», «Махаббат өлімнен де күшті», «Полигонның тірі ескерткіші», «Ананың көз жасы», «Қорқыныш», «Полигонның зардабы» туындылары қойылды. Кітап көрмесіне 16 кітап, 11 мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, 6 экспонат қойылды.