Хиросима бейбітшілік тасы: акция
29 тамыз 2015 жылы Абай атындағы кітапхана қызметкерлері бейбітшілік акциясы шеңберінде өткізілген «Хиросима бейбітшілік тасы» бейбітшілік нышанын табыстау рәсіміне белсенді түрде қатысты.
Кітапхана тарапынан «Бейбітшілік мұражайы» алаңына «Қарусыз әлем – мемлекеттің қауіпсіздік кепілі» атты ашық кітап көрмесін ұйымдастырылды. Көрмеге кітаптар, альбомдар, фотосуреттер, мұрағат құжаттары, сонымен қатар мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар қойылды. Сондай-ақ кітап көрмесін қолөнер шебері Құрман Абайұлының Семей ядролық полигонындағы жарылыс зардаптарын кескіндейтін ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары толықтырды.
Көрмеге Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі және «Бейбітшілік тасы» Ассоциациясының төрағасы Камахара Масаёси, сонымен қатар қарусыздану және бейбітшілікті қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқан ғалымдар, халықаралық ұйымдардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қала қонақтары мен көрмеге қатысушыларға кітап көрмесіне кең ауқымды шолулар жасалды.