Алып ойдың асқары – Хакім Абай: онлайн-әдеби кеш
29 қыркүйек күні кітапхана қызметкерлері С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапханасымен бірлесіп «Алып ойдың асқары – Хакім Абай» атты онлайн-әдеби кешін өткізді.
Онлайн-әдеби кездесуге ҚР Мәдениет қайраткері, абайтанушы Жүнісова М. Қ., Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Мұхамедова М., №16 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, абайтану курсы оқулығының авторы Г. Ағзамқызы және «Жас ақындар» клубының мүшелері мен М.Әуезов атындағы педколледж студенттері қатысты.
Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған шара барысында ақтөбелік оқырмандарға Абай тағылымы, Абайдың адамгершілік принциптері, жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы туралы танымдық ақпараттар ұсынылды. Бүгінгі жаһандану үрдісі кезеңінде мектептерде Абай шығармаларын оқытуды қолға алған абайтану курсының мақсаты және Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының ақын мұраларын зерттеп-зерделеуде атқарып жатқан жұмыстары жайында қойылған сұрақтарға мамандар толымды жауаптарымен хабардар етті. «Жас ақындар» клубының ақындары ұлы ақынға арнаған жыр жолдары мен ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, жыр шашты. Ақтөбелік ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі Алтай Тайжанұлы Абайдың кемеңгерлігі, философиялық толғаулары, өміршең мұралары туралы салиқалы ойларымен бөлісті. Өз мәресіне жеткен шара соңында екі жақтың қатысушылары Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірлесе шырқады.