Ұстазым менің ұстазым!: ойын-сұрақтар, сурет байқауы
«Қайырымдылық айы» шаралар топтамасын 2 қазан күні Абай атындағы кітапхананың қызметкерлері «Ұстаздар күні» мейрамына байланысты № 8 балалар үйінде жалғастырды.
Кітапхана қызметкерлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ұстаз ұлағаты жайында сөз қозғап, олардың мұғалімдеріне деген ыстық сүйіспеншіліктері мен ізет-құрметтері жайында сұрастырды. Іс-шара қызықты әрі тартымды өтуі үшін, еркін тақырыпта сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Д.Мухаметжанова, С.Костин, П.Редозубовалар жеңімпаз танылып, кітапхана атынан арнайы сыйлықтар алды.
«Ұстазыма арнаймын!», «Ән айтамын көңілден» атты жүрекжарды лебізді байқауға Богдан Баженов пен Стас Костин ұстаздарына ыстық лебізді өлең жолдарымен жеткізсе, 4 жасар Шиллер Ира «Ана мені тастамашы» әнін орындап, қатысушылар көзіне жас үйірді, Дильнур Амирсоветова «Мектебім» әнін нақышына салып орындап, жеңімпаз атанды.
Іс-шараға қатысқан барлық балаларға кітапхана атынан кеңсе заттары мен тәттілер үлестірілді. Балалар үйінің қызметкерлері кітапханаға зор алғыс білдіре отырып, келешекте бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.