Ақжайықтың ардақты ақыны: поэзия кеші
2015 жылдың 15 қазанында кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде қазақ халқының маңдайына біткен ақиық ақыны, қазақ әдебиетінің алып шыңының бірі – Қадыр Мырза Әлінің туғанына 80 жыл толуына орай «Ақжайықтың ардақты ақыны» атты поэзия кеші болып өтті.
Кешті машықкерлер- Н.Омарханова,А. Сейтқазина ақынның еңбек жолы мен шығармашылық табыстары жайлы ақпарат бере келіп, Қ.Мырза Әлінің өмірі жайлы викториналық сұрақтар қоюмен бастады. Аталмыш поэзия кешінде ақынның өлеңдерін кітапхана машықкерлері А.Азанбеков, С.Мүбәрәк, Б.Болатова,М.Секенова, Ә.Карибаева және т.б. нақышына салып орындады. Іс-шара соңы «Ақжайықтың ақиық ақыны» атты кітап көрмесіне шолумен толықтырылды. Кітап көрмесінде ақынның әр жылдарда шыққан «Ой орманы» (1965),«Дала дидары» (1966),«Ақ отау»(1968),«Домбыра»(1971),«Көш» (1973),«Жерұйық» (1976),«Алақан» (1977),«Қызыл кітап» (1983),«Күміс қоңырау» (1970 — 1985),«Мәңгі майдан» (1993),«Биік баспалдақ» (1993),«Үкілі үзінділер» (1996),«Алаштың арманы» (2001),«Жазмыш» (2001),«Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001),«Иірім» (2004),«Шырғалаң» (2004),«Алмас жерде қалмас» (2004) атты еңбектері және мерзімді басылым беттерінде жарық көрген ақын өмірі мен творчествасы жайлы мақалалар қойылды. Кешке М.О.Әуезов атындағы педагогика колледжі, «Авиценна» медициналық колледжі студенттері және кітапхана пайдаланушылары қатысты. «Қазақ барда Қадыр бар.Қадыр атамыздың өмірден өткеніне аз уақыт болса да, оның мәңгілік өлмейтін өмірі енді ғана басталды» деген қанатты сөзді жастар өз бойларына сіңіре түсіп, келешекте ақын шығармашылығына ден қойып әлі де зерттей түсу керектігін ортаға салып , кеш соңын «Өз елім» әнімен аяқтады. Ақынға арналған іс-шаралар жыл бойы өз жалғасын таппақ.