Ядролық жарылыстарға жол жоқ: көшпелі фотосессия
2016 жылдың 11 ақпанында Абай атындағы кітапхана мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Объектив» фотоклубы аясында көшпелі фотосессия ұйымдастырды.
Бұл шара «Ядролық жарылыстарға жол жоқ» деген тақырыпта қаладағы Түйемойнақ аралында өткізілді. Биылғы жылы Семей ядролық полигонның жабылғанына 25-жыл толуына орай клуб жүргізушілері аралдағы «Өлімнен де күшті» монументі, Бейбітшілік стелласы, Хиросимадан әкелінген бейбітшілік тасы туралы, полигон тарихы мен құрбандары туралы қатысушыларға толық мағлұмат берді.
Атап айтқанда «Өлімнен де күшті» монументі 2001 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарының құрметіне ашылды, биіктігі 31 метр, гранит тастан жасалған «Бейбітшілік» стелласы құрбандар рухына жасалған тағзымның бір көрінісі, Хиросимадан әкелінген биіктігі 3 метр салмағы 100 кг тартатын «Әлем тасы» атты ескерткіш тасы туралы сөз қозғалды. Түйемойнақ аралында көрген ескерткіштердің барлығын клуб мүшелері суретке түсіріп алды.