Жас ақындар жыр арнады: бейнетүсірілім
2016 жылы 25 ақпан күні Абай кітапханасындағы «Поэзия бұлағы» ақындар клубының мүшелері ән әуенін өзіндік биікте қалықтатқан, жерлес композитор ағамыз Тұрсынғазы Рахимовтың 65 жылдық мерейтойына арнап және Семей атом полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай кітапхананың semeylib.kz сайтына жасалып жатқан виртуальды көрме үшін бейнетүсірілімде жалынды жас жүректерінен шыққан жыр шумақтарын оқыды.
Тәңірі берген өнерді биік шыңдарда бағындырып, халыққа үкілі домбырасымен танылған, композитор – Тұрсынғазы ағаға ақындар клубының мүшелері ерекше ықыласпен жыр арнады. Ақындар жүрегінен шыққан өлең жолдары композиторға деген үлкен құрмет. 60- тың бесеуіне келген әншіге жас ақын М.Түгелжанова «Шоқжұлдыз», А. Қадырбек «Ән Пайғамбары», Н.Қабаева «Тұрсынғазы ағаға», Н.Мырзаханова «Талант» , А.Чакенов «Аға, Сізге» атты арнауларын камера алдында паш етті. Бұл жыр шумақтарында композитордың жүріп өткен жолдары мен шыққан асқақ биіктері тілге тиек етілсе, енді бірі халық атынан мықты денсаулық тілеген тілектерін өлең тілімен жеткізді.
Аталмыш түсірілімнің бір бөлігі «Полигон» тақырыбына арналды. Онда клуб мүшелері Н.Құрбаева, Н.Орынбаев «полигон» жайында өз туындыларын оқыса, Ж.Ғалымова Ш.Ділдебаевтың жыр шумақтарынан полигон туралы үзінді оқыды.
«Поэзия бұлағы» ақындар клубы әлі алға көптеген жоспарлар құруда. Жас таланттар әр уақыт поэзияның қайнар бұлағынан сусындауда. Біз де, жас ақындарға үлкен сәттілік тілейміз!