Жүрегімде сақталған естелік: көне кітаптар көрмесі
6 мамыр күні Абай атындағы кітапхананың оқу залында ұйымдастырылған «Жүрегімде сақталған естелік» атты сирек кітаптар көрмесі 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесіне арналды.
Көрмеге 1941-1945 – сұрапыл соғыс жылдары елімізде жарық көріп жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерін жауды жеңуге, ерлікке жетелеп жігер берген баспа туындылары қойылып, кітапхана пайдаланушыларына таныстырылды. Қаһарлы жылдар куәгерлері – «Казахстанская правда», «Екпінді» сияқты мерзімді басылымдардың маңызды мақалалары майдан тынысы мен тыл өмірінің шежіресін XXI ғасыр ұрпағына жария етті.
«Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған Бауыржан батырдай ұландарын ел ешқашан жадынан шығармақ емес.Жақын болашақ үшін күрескен Бауыржан Момышұлы естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын»,- дейдi. Әр отбасынан аттанған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталары аян.
Көрмеден сондай-ақ, ҰОС жылдары жарық көрген, сирек басылымдар қорында сақталған «Письма с фронта», «Ұлы Отан соғысының батырлары», «Ер Төлеген» сынды көне кітаптар орын алды. Осы уақытта халқымыздың мәдени өмірі жайлы баспа көрген шығармалар Абай өлеңдері, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Корпеш-Баян Сұлу» пьесасы, Х.Айдаровтың «Шоқан Уәлиханов» монографиясы, Бегалиевтің «Жаңа алфавиті», Д.Әлімбаевтың «Толғау» атты поэзия жинағы сынды көрмеге қойылған құнды кітаптар оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Әскери уақыттың түрлі экпозициялық нышандарымен жасақталған көне кітаптар көрмесі жас оқырмандар үшін маңызды да тартымды болды.