«Әдемі-ай» деп ән салған: фотосуретті кітап көрмесі
2017 жылдың 4 қаңтары күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында қазақтың дарынды әншісі Роза Бағланованың туғанына 95 жыл толуына «Әдемі-ай деп ән салған» атты фотосуретті кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлы Отан соғысы кезінде де майдан даласында алдыңғы шепте Роза Тәжібайқызының шырқаған «Степь да степь», «И кто его знает?», «Қараторғай», «Дүние-ай», «Сырымбет», «Айнамкөз», «Қыздар-ай» халық әндері жауынгерлерге рух беріп, жеңіске біртабан жақындатты. Оның репертуарынан қазақтың халық әндері, қазақ композиторларының шығармалары, әлем халықтарының: орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгр, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Бағланова қазақ өнерін әлем жұртшылығына таныстырып, өнерімен тәнті еткен майталман тұлға. Ол ән өнерінің қаншама жолдарын қажымас жігерлікпен, үлкен табыстармен атқарып, халықтың аса сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақ ән эстрадасының ең биік шыңына көтерілді.
Аталмыш кітап көрмесі өнер тарланының өнегелі өмірі мен сылдырлаған таза бұлақтай күміскөмей әншілігімен көпшілік қауымды кітаптар мен мерзімді басылым ақпараттарымен таныстырады. Көрме қаңтар айының соңына дейін жалғасады.