Алаш қозғалысына – 100 жыл: тарих сағаты
1 ақпан күні Абай атындағы кітапхананың қызметкерлері №6 мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқушыларына «Алаш қозғалысына – 100 жыл» атты тарих сағатын өткізді.
Іс-шараның мақсаты: Қазақстан қоғамын жаңғыртуда Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын жас ұрпақты таныстыра отырып кітап оқуды насихаттау.
ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары халқының болашағы жолында саяси күрес додасына түсті. Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алашорданың бүгінгі бейнесі – Тәуелсіз Қазақстан. Ал бүгінгі Қазақстанның алып жері Алаш арыстарының аманаты. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», Мағжанның тілімен айтқанда «Мен жастарға сенемін» деп болашақ ұрпақ үшін тәуелсіздіктің алғышарттарын жасап кеткен еңбектері Егемен Қазақстанның қалыптасуының негізін қалауға мүмкіндік берді.
Кеш барысында жас оқырмандарға Алаш қозғалысы жайында естеліктер айтылып, «Алаштану» орталығындағы сирек басылымдар қорындағы құнды жәдігерлермен танысты, «Алаш маршы», «Алаш гимні», «Алаш ұраны», Алаш тарихының барлық кезеңдерінен мағлұмат беретін кітаптар да оқырмандар назарынан тыс қалмады.
Алаш идеясын бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында өткізілген тарихи сағат жас жеткіншектердің зердесінде қалары сөзсіз.