Басылымдарды сандық форматқа өткізу: практикум
3 ақпан Абай атындағы кітапхана үшін ерекше күн болды. ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының басшысы Ү.Д. Мұңалбаева кітапханаға сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдарды сандық форматқа көшіріп, КазНЭБ (www.kazneb.kz) порталындағы электрондық кітапхананы толықтыру мақсатында I2S Copy Book RGB сканерін пайдалануға мүмкіндік берді.
ҰА кітапханасының ақпаратық ресурстар бойынша директордың орынбасары Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы және цифрлау секторының жетекшісі Бекетаев Әділбек Амангелдіұлы I2S Copy Book RGB сканер құрылғысын құрып, кітапхана қызметкерлерін қолдану ережелерімен таныстырып практикум жүргізді. Кітапханашылар тек теориялық білім алып қоймай, бірнеше басылымды сканерден өткізіп, іс-тәжерибеден өтті.
ҰА кітапхананың басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаеваға үлкен алғысымызды білдіріп, әріптестік байланыстар одан әрі жалғаса беретініне сенімімізді білдіреміз. Енді кітапхана қызметкерлерінің қорды цифрлауда жедел және сапалы жұмыс жүргізіп, бір сағат ішінде 700-ден астам бетті сканерден өткізуге мүмкіндіктері бар. ҰА кітапхананың қызметкерлері Абайдың рухани орталығы мен Алаш орталығында болып, кітапхананың тарихымен танысты.