Ғұмырдария ғибраты: клубтың кезекті отырысы
22 ақпан күні Абай атындағы әмбебап кітапханасының «Поэзия бұлағы» ақындар клубы арда қазақтың ұлығы болған Алашорда үкіметінің 100 жылдық мерейтойына орай «Ғұмырдария ғибраты» тақырыбында кезекті отырысын өткізді. Іс – шара барысы Алаш арыстарының ерен еңбектері мен елге жасаған қызметтері, теңдесі жоқ сан тарау өмір жолдары туралы сыр шертілетін «Алаш автономиясы», «Ұлт көсемдері» бейне фильмдерін көрумен басталды. Бейнефильм көрсетілімнен соң жас ақындар: Е.Қуаныш, С.Қабдуали, І.Әділхан, А.Шынғазина, Ә.Тоқтамыс, Н.Фаизова, А.Қасымбаева, Қ.Смагұлова және т.б. Алашқа арнаған арнауларын ортаға салды. «Өшпейді мәңгі есімің, жазамын жырды жүрекпен», деген жас толқын ақындар бұл отырыста тек арнаумен ғана шектелмей, Ж.Жоламанқызы домбырамен Сүгірдің «Кертолғау» күйін осы іс- шараға тарту ретінде ойнап, көпшілікке тамаша көңіл күй сыйласа, Н.Фаизова қазақтың халық әндерін тамылжыта орындады. Іс- шара соңында кітапханадағы «Алаштану» орталығына саяхат жасалды. Жастар аталмыш орталықта «Алаш арыстарының мұралары» атты көрмедегі олардың көзі тірісінде жарық көрген еңбектерімен жақын танысты. Жас ақындар естелік ретінде суретке түсіп, «Алаш – тәуелсіздігіміздің бастамасы, біздің баға жетпес байлығымыз, жас ұрпақ мәңгі есте сақтауы қажет. Бұл тақырып әлі де зерттелуі тиіс», деген ұстанымға келіп тарқасты.