Вальс королі – Бекен Жамақаев: виртуалды көрменің тұсаукесері
15 наурыз күні Абай атындағы кітапханада қазақ ән өнерінде шоқтай жарқырап, жұлдыздай ағып түскен жерлес сазгеріміз Бекен Жамақаевтың шығармашылығымен пайдаланушыларды кітапхана қорында сақталған басылымдармен және сазгердің туыстарының жеке архивінен алынған материалдармен кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған «Вальс королі» атты виртуалды көрменің тұсаукесері өтті.
Шараға келген зиялы қауым, БАҚ өкілдері және М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттері, қонақтар виртуалды көрменің «Өмірдерек», «Ғажайып әндер», «Тұлғаға тағзым», «Ресурстар», «Арнау», «Дәйексөздер», «Библиография», «Сілтемелер» атты бөлімдерімен танысып, сазгердің туыстары мен замандастарының өнер саңлағы жайлы ортаға салған естеліктерін, әндерін тыңдады. Әсіресе, Бекен Жамақаевтың шығармашылығы жөнінде ҚР мәдениет қайраткері Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аймұханбет Тұрсынбекұлының жүрекжарды әңгімелері тартымды болды.
Шараға қатысушыларға виртуалды көрменің «Ресурстар» бөлімінен Бекен Жамақаевпен өнер саласында бірге араласқан жерлесіміз 97 жастағы Қазақстанның халық артисі, актриса, әнші Күләш Сырымбетқызы Сәкиева мен сазгер абайтанушы Арғынбек Ахметжановтан жазылып алынған сұхбаты мен «Арнау» бөлімінде ақын Мұратбек Оспановтың туындысы ұсынылды. Жас ақын Біржан Ақмейір сазгерге арнаған арнауын оқып, Отынбаева Мағрипа Бекен Жамақаевқа арналған монологын көпшілікке оқып берді.
Виртуалды көрменің тұсаукесеріне келген көпшілік қауымға Мағрипа Намысқызы мен Мағиша Намысқызы орындауында сазгердің «Сен ғана», «Түн сыры» ырғақты әндері тарту етілді.
Кітапхана қызметкерлері шараға дарынды тұлғаның өмірі туралы «Жүрегі тұнған ән еді» тақырыбында ұйымдастырған кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Шараға келушілер өнер өлмес дүние, Бекен Жамақаев есімі де өз биігінде қалады деген сеніммен тарасты. Виртуалды көрме сазгерге қойылған ескерткіш іспеттес болды.