Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!: әдеби-этнографиялық кеш
31 наурыз күні Абай атындағы кітапханада «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!»: атты әдеби-этнографиялық кеш өткізілді.
Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелер ұлы мереке. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған.
Мереке барысында «Тұсау кесу» рәсімі өткізіліп, шәшу шашылды. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деген ниетпен қатысушыларға дастархан жайылып, наурыз көже мен қазақтың ұлттық дәмдері ұсынылды. Қыдыр ата ақ батасын беріп, қатысушылар төс қағыстырып қауышып бір-біріне қазақтың дастарханы тек қана жақсылыққа жайылып, Ұлыс оң, ақ мол болсын! Ақ түйенің қарны жарылған бақытты күнде әр шаңырақтың қазаны ортаймасын! Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын деген ниет – тілектерін білдірді.
«Бақ-берекем, құт–мерекем – Әз Наурыз» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалынды. Аталмыш шара ұжымды бірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақыратын игілікті шара болды.