Бір шаңырақ астында!: достық фестивалі
26 сәуір күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында!» атты достық фестивалі өтті. Мамыр айы шуақты мерекеге толы. Оның ішінде ынтымақ пен бірліктің, келісім мен жасампаздықтың жыры өрілген мейрамның жөні бөлек.
Іс-шараға қаладағы «Возрождение» неміс мәдени орталығының өкілдері мен неміс ұлттық «Анхайт» ансамблі қатысты. Мерекелік іс-шараға қатысушылар «бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің төл мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін дамытуда Қазақ елі татулықтың мекені» дей келе, аталмыш іс-шараның да алатын орны ерекше екендігін айтып өтті. Мерекелік кеш барысында осы ұлттық мәдени орталық өздерінің ұлттық қолөнері мен салт-дәстүрлерін жастарға көрсетіп, «Анхайт» ансамблі неміс халық әндерін құйқылжыта шырқап, бірнеше би өнерлерін көрсетті.
Кітапхананың әркез тұрақты оқырмандарына айналған «Авиценна» колледжі студенттері тарту ретінде «Мереке» әнін шырқады. Германия тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, тілі мен өнері, салт-дәстүрлері жайында викториналық ойындар ойналды. Викториналық сұрақтарға белсенді қатысқан студенттерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. «Тамыры терең татулық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд-шолу жасалды. Шара соңында қонақтарға неміс, қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. Аталмыш «Достық фестивалі» әр кез өз жалғасын таппақ.