Ер есімі-ел есінде: патриоттық сағат
4 мамыр күні Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері Семей қаласындағы № 54835 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында «Ер есімі-ел есінде» атты патриоттық сағат өткізіп қайтты. Мәдени шара Отанымыздың болашағы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған әкелеріміз бен аталарымызды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Шара барысында Отан қорғаушы сарбаздарды ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығымен құттықтап, осы мерекенің аталып өту тарихына тоқталып, одан кейін келе жатқан Ұлы Жеңіс күніне байланысты биыл 100 жасқа толып отырған жерлесіміз Жанғазы Молдағалиевтың өмірі мен жау тылында көрсеткен ерліктері жайлы ақпарат берілді. 53 Семейлік Кеңес Одағының Батырларының ішінде екі жерлесіміз Жанғазы Молдағалиев пен Петр Карелин – Александр Мотросовтың ерлігін қайталаған. Сондай-ақ, 1941 жылдың аяғында Семей қаласында жасақталған дивизиялардың тарихы жайлы айтылды.
Шараға орайластырылып «Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды. Патриоттық сағатты «Семейлік Кеңес Одағының Батырлары» деген слайд көрсетілімі мен «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты деректі фильм толықтыра түсті.
Шара соңында № 54835 әскери бөлімінің басшылары ризашылықтарын білдіріп, өздерінің жүрекжарды тілектерін айтты.