Денсаулық әлеміне саяхат: ойын сабағы
16 тамыз күні балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері Денсаулық сақтау күніне орай «33 пингвино» балабақшасының тәрбиеленушілеріне «Денсаулық әлеміне саяхат» атты ойын сабағын өткізді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай, «Салауатты өмір салтын» ұстау қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, парасатты, мәдениетті, дені сау азамат өсіру отбасының, балабақшаның, жалпы халықтың қасиетті борышы екені баршамызға аян.
Таза ауа, ашық аспан аясындағы кітапхана алаңында денсаулықтың қадірі туралы балаларға түсінік беріп, балалармен бірге әртүрлі дене жаттығуларын көтеріңкі көңіл-күймен жасадық. Түрлі қимылды ойындардың «Кім мерген?», «Кім жылдам?» және эстафеталық ойындардың әсеріне еліккен балалардың көздерінен бақытты балалық шақтың ұшқыны көрінеді. Сабағымызды балалардың қатысуымен орыс халқының «Шалқан» ертегісінен қойылым көрсету жалғастырды. Ертегіден алған әсерлері кітапқа деген қызығушылықтарын арттырып, балалар назары кітапқа ауды. Сабақ соңында кітапхана қызметкерлері барлық балалардың амандығын тілеп, денсаулықтарының мықты, әдемі, ақылды болып өсулеріне ниет білдірді.