Латын қарпіндегі кітаптар Абай атындағы кітапхананың сирек қорында: кең көлемді кітап көрмесі
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкерлері 15 қараша күні кітапханамыздың құнды қорын құрайтын, 200-ге жуық латын қарпінде басылып шыққан сирек басылымдардан жинақталған «Латын қарпіндегі кітаптар Абай атындағы кітапхананың сирек қорында» атты кең көлемді кітап көрмесін Т.Аманов атындағы №16 орта мектеп оқушыларына ұсынды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында көрмеде қоғамдық-саяси, халық ағарту ісі, тіл білімі, жаратылыстану, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, әдебиеттану, тарих ғылымдары, көркем әдебиет ғылым салалары, татар тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдар ұсынылды. Оның ішінде оқушылар Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935ж.), А.Мамытұлының «Денсаулық жолында» (1935 ж.), Т.Шонанұлының «Орыстарға қазақ тілін үйреткіш» (1931ж.), Таңқыбай (І.Жансүгіров) «Құқ: сатиралық әңгімелер жинағы» (1935 ж.), т.б. басылымдарға назар аударды.
Шара соңында оқушыларға экскурсия ұйымдастырылып, кітапхананың құрылымы, қордың орналасу тәртібі, анықтама аппараты, мерзімді басылымдар қоры, электронды ресурстар мен мүмкіндіктері туралы айтылып, кітапханалық іс-шараларымен танысты. Оқушылар «Абайдың рухани орталығындағы» Абай атамыздың қолының табы тиген кітаптарымен қауышып, қуаныштары шексіз болды.