Сазды әуеннің саңлағы: көрме-портрет
20 ақпан күні Абай атындағы әмбебап кітапханасының оқу залы қызметкерлері Жолдыбай Дастеновтің туылғанына 75 жыл толуына орай, жастардың музыкалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту мен өнерге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Сазды әуеннің саңлағы» атты көрме портрет ұйымдастырды.
Сазгер жерлесіміз Жолдыбай Дастенов Бесқарағай ауданында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Сазгер қазақтың музыка өнерін насихаттауда қаншама елді шарлап, айтарлықтай еңбек еткен. Шығыстың саз мәдениетіне тән ортақ қасиеттерді бедерлендіре отырып, қазақ, өзбек және ұйғыр халық музыкасының әуендерін үндестірге білген.
Шара барысында кітапхана қызметкері жиырмасыншы ғасырдың 70-жылдарында қазақтың ұлттық музыка әлемінде жаңа бір дәуірдің парағын ашқан Ж.Дәстеновтың өмірі мен шығармашылығы, өзіндік қайталанбас ерекшелігі жайлы баяндап, «Абайдың қабірінің басында» атты фортепианолық триосына, «Үш әңгіме», «Ежелгі қаланың көріністері», «Кешкі ертегі» сюиталарына, «Планетаға бейбітшілік керек» симфониялық поэмасына, қырғыз драматургі М.Байжиевтің либреттосына жазылған «Тоқта, мерген», т.б. атты мюзиклі мен балаларға арнап жазған «Қаңбақ шал» атты тұңғыш операсына тоқтала кетті.
Көрмеге О.Кәріпжановтың «Әуез ордасы», Б. Қожырұлының «Қазақ өнерінің атақты музыка өнерпаздары» және «Қазақстан композиторлары» атты кітаптары мен сазгер жайында мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар қойылды.