Байырғы мейрамдар әуені: ақпаратты сазды кеш
20 наурыз күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлады. Биылғы жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып табылады. Сол себепті аталмыш іс-шараға Достық үйінен «Буюк келечак» өзбек мәдени орталығының мүшесі М.З.Балтагожина қатысып, өзбек тілінде мерекемен құттықтап, қазақ халқына деген ыстық ықыласын жеткізсе, осы орталық бишілері «Хорезм», «Нозли гулим» билерін Наурызға тарту етті. Наурыз тойын тойлатып, мерекенің қызықты әрі тартымды өту үшін арнайы сайыстар ұйымдастырылды. Ер жігіттердің білек күшін сынау үшін қазақтың ұлттық ойындарының бірі «Арқан тарту», ал қыздар үшін «Қара жорға» биінен жарыс өткізілді. Сайыс жеңімпаздарына естелік сыйлықтар таратылды. Мерекеде Қыдыр ата көпшілікке бата беріп, ақ тілегін арнады. Іс-шара соңы мерекелік дастарханға ұласып, жиналған қауымға «Наурыз көже» үлестірілді. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!