Рухани жаңғыру: Latyn – құнды мұра: кең көлемді ретро-көрме
17 сәуір күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д.Ахметовтың бастамасымен ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар кешені Бородулиха ауданы Дмитриевка ауылында жалғасын тапты. Дмитриевка ауылының тұрғындармен кездесу шарасы өткізіліп, сирек басылымдардан жасақталған латын қарпіндегі басылымдардан «Рухани жаңғыру: Latyn – құнды мұра» көрмесі ұсынылды. Көрмеге қойылған сирек қордағы латын қарпіндегі басылымдардың QR-код сөресі ұйымдастырылып, шараға қатысушыларға оны пайдалану жолдары көрсетіліп, сирек деректерге көпшіліктің қолжетімділігіне мүмкіндік жасалды.
Шара қатысушылары «1916-жылғы Жетісу қазақтарының көтерілісі (1936), «Амангелді Иманов» (1936), «Біздің Ғани» (1936), «Жаратылыс тану» (1939), Алгебра есептерінің жинағы (1938), Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935), Т.Шонановтың, А.Мамытұлының, С.Мұқановтың, М.Әуезовтің құрастыруымен шыққан, заманында халықты сауаттандырған оқулықтармен қызыға танысты.
Дәстүрлі көрмені QR – код сөресінен орын алған 13 кітап толықтыра түсті. Сол кітаптар қатарында ұлы ақын Абайдың 1936, 1939 жылы жарық көрген «Таңдамалы өлеңдері», Ж.Сәрсековтың «Тоқсаны» (1936), С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» (1934), Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч» (1937) романы мен тағы басқа басылымдар көпшіліктің назарына ілікті. Шараға қатысушы оқушылар QR – код сөресіндегі бірнеше кітаптарды өздерінің смартфондарына жүктап ала алды. Аталмыш шара ауыл тұрғындарын ХХ ғасыр басындағы кітаптармен ғана таныстырып қоймай, өткен ғасырдағы өлкеміздің тарихына да шолу жасап өтті.