Қазақстан – біздің ортақ үйіміз: алғыс айту күні
2016 жылдың 2 наурызы күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Семей қаласы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінде 1-наурыз Алғыс айту күніне байланысты іс-шара ұйымдастырды.
Кітапхана мамандары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елімізде алғаш рет аталып өтілетін мерекенің тарихына үңілді. Тыңдармандарды Сталиндік репрессия, Ұлы Отан соғысы, тың жерлерді игеру кезінде жер аударылып Қазақстанға қоныстандырылған әр түрлі ұлт өкілдерінің тағдырлары туралы әңгімелер ерекше қызықтырды. Соғыс кезінде қоныстандырылған отбасылардың шынайы саны мен олардың жаңа ортада қалай бейімделгендері туралы әңгімелер айтылды. Шара соңында қатысушыларға «Вера» атты қысқа метражды көркем фильм көрсетілді. Көркем фильм Қазақстанға жер аударылған шешен-ингуш халқының өмірі, сұрапыл соғыс жылдары барлық ұлт өкілдерінің достығы, қазақ халқының дархандығы мен қиын кездерде қол ұшын созған кең пейілдігі және жарқын болашаққа деген сенімі мол көпұлтты отбасы туралы сыр шертеді.