Туған өлкені зерттейміз: балалар аула клубтарының слеті
16 қыркүйек күні Абай атындағы кітапхана балалар аула клубтарының кезекті бесінші слетінің өтуіне ат салысты. Слет бүкіләлемдік парктер маршы аясында өткізіліп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Шараның өтуіне Ішкі саясат бөлімі, Білім басқармасы, Төтенше жағдайлар басқармасы, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, аула клубтарының ассоциациясы, жас техниктер станциясы, «Исток», «Прииртышье» қоғамдық ұйымдары қолдау көрсетті. Аталмыш шара орман массивіндегі №46 өрт сөндіру бөлімінің жеке бекеті базасында өтті. Шараға Семей аймағының балалар аула клубтарының 11 командалары катысты. Командалардың шығармашылық көрсетілімдері «Визит карточкасы» сайысынан басталды. Содан кейін командалар 8 шепті қамтитын туристік-құтқару бойынша сайыстар мен жарыстардан өтуі керек болды. Атап айтсақ: өрт сөндіру эстафетасы, туристік шатырлар орнату, табиғи ортада зардап шегушіні іздеу, суда құтқару қызметі, жергілікті жерде бағдарлау жән тағы басқа.
Абай атындағы кітапхана қызметкерлері қатысушыларға «Эколото» интеллектуальдық ойынын ұйымдастырып өткізді. Онда табиғат аясында мінез-құлық ережелерін дайындау, ұсынылған қоқыстың жер бетіндегі өмір сүру мерзімін анықтау және ойын шарттары т.б. ұсынылды. Слет қорытындысы бойынша қатысушылар мақтау қағаздары және «Семей орманы» табиғи резерватының арнайы естелік сыйлықтарымен марапатталды. Жарыстың жалпы командалық біріншілігінде «Турксиб» аула клубы жеңімпаз атанды, 2 орынды – «Олимп», 3 орынды – «Әлем» командасы иеленді. Аталмаш жарысқа балалар үлкен дайындықпен келіп, оның өз дәрежесінде өтуіне үлестерін қосты.