Мәңгілік Ел – Ұлы дала елі: ақпараттық сағат

11.12.18

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында 11 желтоқсан күні ҚР Тәуелсіздік күніне арналып, «Қайнар» колледжінің студенттерімен «Мәңгілік Ел – Ұлы дала елі» атты тақырыпта ақпараттық сағат өткізілді. Шараның мақсаты: студенттердің бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру.

Шара «Мәңгілік ел» бейнеролигімен бастау алды. Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. 16 желтоқсан – Алты алаштың айбынын асқақтатқан, ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерілген Тәуелсіздік күні. Шара барысында колледж студенттері арасында еліміздегі Тәуелсіздік мерекесіне байланысты викториналық сұрақтар қойылып, дәлелді айғақтар келтіріп, тартымды ойларымен, пікірлерімен бөлісті. Тақырыпты ашуда белсене қатысқан Малгаждарова Алтынай, Табысбек Раушан Саидов Тимур, Садыкова Айдана, Бектемиров Рахат өз ойларымен бөлісіп, өлең жолдарын тарту етті.

Шара соңында колледж студенттеріне «Тәуелсіздік жылнамасы» атты тәуелсіз қазақ елінің жемісті жылдарынан  кең көлемде мағлұмат беретін кітапхана қорындағы мерзімді басылымдар мен тақырыпты ашатын әдеби кітаптармен жабдықталған кітап көрмесі ұсынылды. Ақпараттық сағат  Қуандық Рахымның орындауындағы «Мен қазақпын» атты бейнероликтегі патриоттық әнімен аяқталды.