Ұлы Даланың ұлы есімдерінің тағылымы: кездесу кеші. Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлының жеке қорының ашылуы

15.03.19

Абай атындағы кітапханада 15 наурыз күні жерлесіміз ғалым-әдебиетші, профессор Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы қонақта болып, оқырман қауыммен кездесті. Кесдесу барысында Шәкәрім университетінің жанынан құрылған Абай институтының директоры А.Сұмағұлова ғалым шығармашылығын жастарға кеңінен таныстырды.

Сөз кезегін алған Серікқазы Сыбанбайұлы өзінің жеке қорында 7000-ға тарта кітап барын айтып, семейлік оқырман қауымға 1000 кітапты сыйға тартуды шешкенін айтты. Шара барысында ғалымның сыйға тартқан кітаптарының салтанатты лентасын ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі М.Сұлтанбеков пен ҚР Журналистер Одағының мүшесі М.Жанболатов қиып, ғалымның игілікті ісіне сәттілік тіледі. Ғалым ағамыз өзінің жеке кітапханасынан түрлі ғылым саласын қамтыған ұлы тұлғаларымыз бен белгілі ақын-жазушыларымыздың өнегелі өміріне байланысты әдебиеттерді, халқымыздың тарихи және әдеби зерттеулерін, салт-дәстүрімізге байланысты жазылған маңызды еңбектерді, сондай-ақ, классиктеріміздің шығармалары мен ақын-жазушылардың көркем туындыларын ұсынған. Алдағы уақытта оқырман қауым  аталған кітаптарды «Серікқазы Қорабайдың  жеке қорынан» деп аталатын  арнайы бұрыштан таба алатын болады.

Ақын М.Сұлтанбеков, журналист Р.Нұғыманбекова, Шәкәрім университетінің оқытушысы А.Ақтановалар ғалым шығармашылығындағы жетістіктерін жастарға үлгі етіп, ғалымның жеке қорынан келген әдебиеттерді оқуға шақырды.

Шараға қатысқан Шәкәрім университетінің филология факультетінің және М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттері ғалым   шығармашылығына байланысты сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.

Жастарды кітап оқуға баулу, рухани және патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған шара соңында кітапхана әкімшілігі айтулы жобаға ақ жол тілеп, Серікқазы Сыбанбайұлына алғыс хат тапсырып, жастарды кітап оқуға шақырды.