Ағылшын тілі курстары: қорытындылау

19.03.19

15 және 19 наурыз күндері Абай атындағы кітапханада ағылшын тілі курстарының аяқталуына байланысты қорытындылау шарасы болып өтті. Тіл – қарым-қатынас құралы.  Ал ағылшын тілі – бүгінде халықаралық қатынастың, кез келген салада кеңінен қолданыс тапқан тіл болып есептеледі. Ағылшын тілін білу – заман талабы. Сол себепті кітапхана оқырмандарының арасында ағылшын тілін оқып-үйренемін деушілерге арналған оқыту курсы қаңтар айынан наурыз айының ортасына дейін жалғасты. Курсқа әр санаттағы оқырмандар қатысып, өздерінің тіл білімдерін жетілдіре түсті. Олар атап айтқанда: студенттер, мектеп оқушылары мен колледж студенттері, түрлі саланың қызметкерлері және де зейнеткерлер.

Ағылшын тілі сабақтары барысында қатысушыларға ағылшын тілі фонетикасы мен грамматикасы, атап айтқанда «Irregular verbs», «Reported Speech», «Telling time»,», «There is/there are құрылымы», «To be етістігі», «Simple және Continuous» деген тақырыптарда сабақтар жүргізіліп, оларға ағылшын тілінде жаңа сөздер мен дұрыс сөйлем құрастыру үйретілді. Аталмыш курстың нәтижесінде қатысушылар: ережесіз-ақ ағылшын тілі грамматикасын меңгеріп, ағылшынша сөйлеу дағдысын жетілдіріп, өз ойын дұрыс және тез жеткізуге машықтанып, «Animals», «Professions», «Furniture», «Airport», «Daily Routines» атты тақырыптар бойынша ағылшын тіліндегі сөздік қорын толықтырды.  Сонымен қатар курс тыңдаушылары ағылшын тіліндегі мәтіндерді тыңдап, түсінген ақпаратты мазмұндауға тырысты. Барлық сабақтар еркін, қызықты, әрі көңілді өтті.

Шара соңында қатысушылар курс бойы алған білімдерін қорытындылау мақсатында тест сұрақтарына жауап берді. Тест нәтижесінде жоғарғы көрсеткіш көрсеткен оқырманға Elementary және Pre-Intermediate деңгейін меңгергені туралы арнайы сертификат табысталды.