“Невада-Семей” қозғалысы

Бұдан 25 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың ақпанында Семейдегі сынақ полигонын жабу үшін басталған ұлы күрестің алғашқы қадамы жасалды. Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат Олжас Сүлейменовтың жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. 1989 жылдың 25 ақпанында, сағат 17-ден 45 минут өткенде Қазақстан орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтатуды талап еткен және жұртшылықты «Невада» антиядролық қозғалысын құруға шақырған ашық мәлімдемесінен басталды. Дәл сол күні Алматыдағы көп адам жиналған митингте ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, советтік бейбітшілік қорғау Комитетіне, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына, «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының Комитетіне, Невада штатында (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға Үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті.

Тек наурыз айында ғана үндеуге қозғалысты қолдаған миллионнан астам қол қойды, ал қозғалыс қорына көптеген қайырымдылық қаржысы келіп түсті. Ал, 11 наурызда қозғалыстың құрылғандығы туралы шетел ақпарат агенттіктері хабар берді, онда планетамыздың бейбітшілік сүйгіш халықтары өздерінің ынтымақтастықтарын білдіре отырып, қозғалыстың мақсаты мен міндетін мақұлдады. Сөйтіп, қозғалыс халықаралық мойындауға ие болды.

Полигонның 40 жылдық тарихында 459 жарылыс жасалды. 1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдын 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Кеңес Одағының алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені, бұл сынақ адамзат тарихында бұрын сонды болмаған еді. Сондай-ақ, Кеңес елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұнғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл ажал отын шашқан полигонның жабылуы, әрісі Қазақстан халқы үшін, берісі Ертістің Семей өңірінің тұрғындары үшін тендесі жоқ қуаныш, үлкен бақыт әкелді. Осы 1991 жылдын шілде айында Қарауылда өткен «Невада – Семей» қозғалысына Франция, АҚШ, Италия, Жапон елдерінің делегаттары қатысып, атом сынағын тоқтатуға өз ұсыныстарын білдірді.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1992 жылғы 15 мамырдағы № 779 Жарлығымен бұрынғы Семей полигонының әскери-өнеркәсіп кешенінің, сондай-ақ республика аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен объектілердің негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы құрылды.

«Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік масштабта тұрақтылық пен келісімді достық пен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес. Бұл шешім Қазақстан жерінде сансыз қасірет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылыстарға тоқтау қойды. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырып, одан ерікті түрде бас тартудың одан маңыздылығы кем емес. Семей ядролық полигонының жабылуына танымал қоғамдық қайраткер Олжас Сулейменов басшылығындағы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты», – дейді Президент Н.Назарбаев.

Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29-тамыз халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Еліміз бейбітшілік сүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді.

Әдебиеттер тізімі:

Аймақов М. Жер жарасы жазылмай, жан жарасы жазылмас…//Семей таңы.- 2002.- 30 тамыз.- 11 б.
Бозтаев К. Семей полигоны. «Қайнар қасіреті».- Алматы: Қазақстан, 1997.- 296 б.
Қауғабай О. Атомға қарсы қаһармандық күрес //Егемен Қазақстан.- 2012.- 9 қараша.- 2 б.
Назарбаев Н. Бейбітшілік кіндігі.- Астана: Елорда, 2001.- 304 б.
Нұғманбекова Р. Қарусыздануды Қазақстаннан үйренсін //Егемен Қазақстан.- 2010.- 16 тамыз.- 2 б.
Парманқұлов С., Қаңтарбай Ә., Мұқаметқали Қ. Курчатов кілті: Қазақстан полигон зардабын атомды бейбіт мақсатқа пайдалану арқылы жоюды жолға қойып келеді //Дала мен қала.- 2011.- 28 қараша.- 8-9 б.
ХХІ век – без ядерного оружия: Посвящается 10-летию Независимости Республики Казахстан и 10-летию закрытия Семипалатинского испытатательного ядерного полигона.- Семипалатинск, 2001.- 80 с.