Ұлы Отан соғысы жылдары өндіріс орындары бейбіт заман тіршілігінен соғыс жағдайына тез арада бейімделіп қайта құру жұмыстарын құрды. Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар: Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Қазақстан қалаларына келе салысымен кәсіби жұмысшы мамандар отбасымен еңбекке кірісті. Семей қалалық кеңесі көшіп келгендерді өндіріс орындарының ішіндегі орындарға, жатақханаларға, клубтарға, жеке пәтерлерге орналастырды. Соғыс жылдары басқа жақтан көшірілген өндіріс орындарынан басқа жаңа кәсіпорындар салынып, бұрынғы өндіріс орындары кеңейтілді. 1942 жылы құрама-жем зауыты, өндіріс комбинаттары және басқа объектілер салынып, іске қосылды. Отты жылдарда Семей қаласында барлығы 9 фабрика мен зауыт салынып, пайдалануға берілді.
Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника заводы,
Подольск механика заводы, Запорожье ферроқорытпа заводы, Днепропетровск вагон жасау заводы т. б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.
Семей қаласы Ұлы Отан соғысы жылдары ірі мобилизациялық орталық болып саналғандығы мәлім. Семей өңірінің барша халқымен еңбек ұжымдары «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» – деген ұранмен өмір сүріп, еңбек етті. Сол өмір тынысы еңбектеген жастан, еңкейген кәріге ортақ болды. Армияға маман жұмысшылардың кеткеніне қарамастан өнім өндіру толастамай, әрбір ай сайын артып отырды. Қысқа мерзім ішінде қажетті мамандықтарды игеріп, бір адам бірнеше адамның жұмысын: слесарь, электр монтері, машинист жұмысын атқарды.
1941 жылдың тамыз айында Семей қаласының өнеркәсіп орындары өнім шығарудың алпыстан астам түрін игерді. Семейліктер майданға өте зор көмек көрсете отырып, қорғаныс қорын жасауға ат салысты. Тек 1942 жылдың қазан айында ғана қала халқы тон, пима, әр түрлі нәрселерден тоқылған қолғап шұлық жинап жіберіп отырды. 1941 жылдың күзінде қала кәсіпорындары майданға 62 өнім түрлерін жөнелтті. Семей аяқ киім фабрикасында 1942 жылы 435 мың 400 пар аяқ киім шығарылды. Соғыс жағдайында қалада 9 фабрика мен завод салынып пайдалануға берілді.
Семей облысы соғыстың тек алғашқы жылдары ғана майданға 71 вагон сыйлықтар, азық-түліктер және 11 мың жеке адамдардың посылкаларын жіберді. Отқа оранған батыс аудандардан көшірілген үш фабрика (Киев, Азов және Артем) негізінде қысқа мерзім ішінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды. Кеме жасау заводы, ет-консерві заводы, Н. Крупская атындағы «Красный кожевник», «Пимокат» артельдері, басқа да кәсіпорындар арнайы тапсырмаларды орындауға кірісті. Қараша айында Донбастан көшірілген Володарский атындағы тігін фабрикасы 12 күн өткеннен кейін майдан үшін өнім бере бастады. Фабрика коллективі тоқсандық жоспарды 104 пайыз орындады.
КСРО эвакеңестің шешімі бойынша «Большевичка Украина» тігін фабрикасы Харьковтен көшіріліп әкелінісімен 1941 жылдың күз айынан алғашқы өнімдерін шығара бастады. Үкімет тапсырмасы қатаң болды: фабрика желтоқсан айында өнім шығаруға тиіс болды. Тәжірибелі мамандар тігін машиналарын орналастыра жүріп жұмысшы күшін арттыру мақсатында жастарды оқытып, тігуге үйрете бастады. Соның арқасында 1942 жылы қаңтар айында жұмысшы күші 304 адамға дейін өсті, ал маусым айында -600 адам болды. Жастар берілген тапсырманы меңгеруде абыройлы еңбек етті. «Большевичка Украины» тігін фабрикасының соғыс жылдары өнімдерін 120-150 пайызға дейін орындап, жоғары көрсеткішке жеткізді. 1942 жылдың қараша айында «Большевичка Украины» тігін фабрикасының ұжымына бірінші орын беріліп, жылжымалы Қызыл Ту табыс етілді. Соғыс уақытында осы фабриканың директоры –Базиловский, бас инженері болып Минская қажырлы еңбек етті.
Осы қиыншылық уақытта сырттан көшірліп келген кәсіпорындардан басқа қаламыздағы жеңіл және тамақ өнеркәсіптері де майданға өз өнімдерін түр-түрімен шығаруды қолға алды.
1944 жылы шығып отырған «Екпінді» газетінде соғыс кезіндегі тыл адамдарының қажырлы еңбектері туралы мақалалар жарияланып тұрды. Отан соғысы күндерінде ет-консерві комбинаты коллективінің жауапты және ардақты міндеті Армияны тамақ өнімдерімен керегінше қамтамасыз ету міндеті тұрды. 1943 жылдары комбинат еңбек ерлерінің табыстары комбинат көлемінде және әрбір цехтарда жылдық өндірістік жоспардың артығы мен орындалуына мүмкіндік берді. Мысалы, құнарлы тамақ шығару жоспары 114,8, консерв шығару 100,3, колбаса шығару 101,4, медициналық препараттар жасау 120,8 т.б. артығымен орындалды.
Осы бір қиын шақта мекеме ұжымдары ет өнімдерінің көптеген жаңа түрлерін шығаруға тырысты. 1941 жылдың қыркүйегінде ет-консерві комбинатында суп-пюре концентратын шығаратын цех іске қосылды, гуляш шығарыла бастады, мұндай өнімдер сақтауға да ыңғайлы әрі керекті жерге дейін бұзылмай жетеді. Сонымен қатар, ет қалдықтарынан кәдімгі құс жұмыртқасы сияқты жасанды жұмыртқалар шығару қолға алынды. Медициналық дәрі-дәрмектер де шығара бастады. Соғыс күндерінде комбинат жұмысшылары тамаша табыстармен партия мен үкімет алдында жоғары бағаланды. М.Калинин атындағы ет-консерві комбинаты соғыстың қиын жағдайларында Кеңестер Одағы Армиясы мен елімізге керекті жоғары сапалы ет өнімдерін ойдағыдай көп бергені үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен, онымен бірге комбинаттың маңдай алды жұмысшылары орден, медальдермен марапатталды. Орасан қажырлылықтың арқасында Семейлік кәсіпорын мекемелері майдан қажетін өтеуге бағытталған барлық жағдайларды атқара алды.
Семей қаласында шығарылған өнімдер: 1801556 гимнастерка; 2044620 шароварлар; 1611652 кеудешелер; 169944 пилотоклар; 1821521 аяқ-киімдер; 440104 қолғаптар; 115687894 сорпа-езбесінің қосындысының банкасы; 54678963 ет өнімдерінің банкісі болды.

Әдебиеттер тізімі:

1. Каникин И. Жауынгерлік еңбектің табысы // Екпінді.-1944.-1 февраль.
2. Семей: кеше және бүгін: библиографиялық құрал / Құрастырған: З.Мағауина.-Семей: Талант, 2010.-76 б.
3. Семипалинску 285 лет.-Семипалатинск, 2003.-116 с.
4. Төлеуов С. Жоғары наградаға нақтылы жауап // Екпінді.-1944.-28 январь.-2 б.
5. Шығыс Қазақстан тарихы. 2-бөлім: шығыс Қазақстан тарихы ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейін.-Семей: «Тенгри», 2013.-94-108 б.