h16    Ұлы Отан соғысының отты жылдарында мәдениеттің барлық салалары, оның ішінде Семейдің облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханасы (1992 жылы кітапханаға Абай есімі берілген) оқырмандар үшін қызмет етіп, еліміздің бейбіт өмірге жетуіне өз үлестерін қосқан.

Соғыс жылдарының қиын-қыстау кезіне қарамастан кітапхананың қоры жаңа кітаптармен, мерзімді басылымдармен үнемі толықтырылып отырған. 1941-1945 жылдары кітапхана бүкілодақтық, республикалық және жергілікті ”Война и рабочий класс”, ”Здравоохранение Казахстана”, ”Большевик”, ”Большевик Казахстана”, ”Казахстанская правда”, ”Прииртышская правда”, ”Правда”, ”Учительская газета”, ”Екпiндi”, ”Социалистік Казахстан” сияқты мерзімді басылымдарды жаздырып алған. Кітапханада кітап қорын сақтау және насихаттау шаралары тоқтатылмаған. Кітапханашылар Кеңес информбюросының сводкасын басшылыққа ала отырып, майдан даласындағы одақ әскерилерінің ерлігін жұртшылыққа насихаттау мақсатында шаралар мен әңгімелер өткізді.

1941-1945 жылдары кітапхана қызметкерлері жауына қарсы ортақ күресте жеңіске тез жетуде өз міндеттерін дұрыс жолға қоя білді. Олар үкіметтің шешімдерін жұртшылыққа түсіндіріп, тұрғындарға өнеркәсіп орындарындағы жаңа мамандықтарды игеруге көмектесті. Осы бағытта түрлі көпшілік шаралар ұйымдастырып, әскери госпитальдарда, егіс алқаптарында болып халыққа күш-жігер берді. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан 1941 жылғы 25 қарашада «Из политдонесения комиссара эвакогоспиталя №3593 председателю комитета по обслуживанию раненых и больных бойцов, командиров РККА» атты табылған құжатта төмендегідей деректер берілген:

«1941 жылы 15 қазаннан 23 қараша аралығында оқырмандарға 2481 дана кітап берілген, оның ішінде Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармалары – 208 дана, медициналық әдебиеттер-191 және 2081 дана әдеби кітаптар. 23.ХІ күні 560 адам тіркеліп, 1.ХІ-23.ХІ аралығында көшпелі кітапханаға 2141 адам келді.

Госпиталь бөлмесінде Ұлы Отан соғысына арналған 3 кітап көрмесі және әдеби кітаптармен, газет-журналдар беттеріндегі мақалалардан «Что читать?» атты көрме ұйымдастырылды. Барлық бөлімдерге Сталин жолдастың 6.ХІ-41 жылы жасаған баяндамасы үлкен беттерге жазылып ілінді. Кітапханашылар Зощенконың 2 оқуын өткізді. Островскийдің «Как закалялась сталь» атты кітабы бойынша оқырмандар конференциясы белгіленді. Көшпелі кітапхана қызметі ұйымдастырылып, аурухана бөлмелерінде, әсіресе ауыр науқастар жатқан бірінші бөлімге қызмет көрсетті. Госпитальға журналдардан тек «Большевик Казахстана», газеттерден 7 газет: «Казахстанская правда», «Cоциалистік Қазақстан», «Прииртышская правда», «Екпінді», «Фрунзевец», «Красная звезда», «Центральная правда» түсті. Барлығы – 117».

Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ, қала өнеркәсібі жұмысы ерекше әскери үйлесіммен жолға қойылды. Қалада кеме жөндеу зауыты, былғары өндіріс комбинаты, «Крупская» атындағы артель, «Пимокат», «Красный кожевник» сияқты өндіріс орындары майданға қажетті өнімдерді дайындады. 1941 жылдың күзінде қалаға басқа жақтан эвакуацияланған өнеркәсіп орындары көшіріле бастады. Былғары мен текстиль өнеркәсіптері дамыған Семей қаласына Калинин облысынан Осташковский атындағы былғары зауыты, төрт шұға фабрикасы, үш аяқ киім фабрикасы, бір тігін фабрикасы көшірілді. Қаладан майданға тұлып, тері күртешелер, қолғап т.б. жылы киім-кешек жіберілді. Соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнын әйелдер, жасөспірімдер, қариялар басып, олар токарь, слесарь, механик жұмыстарын атқарып, меңгерді.

Соғыс жылдары басқа жақтан көшірілген өндіріс орындарынан басқа жаңа кәсіпорындар салынып, бұрынғы өндіріс орындары кеңейтілді. 1942 жылы құрама-жем зауыты, өндіріс комбинаттары және басқа объектілер салынып, іске қосылды. Отты жылдарда Семей қаласында барлығы 9 фабрика мен зауыт салынып, пайдалануға берілді.

Кітапхана қызметкерлері үкімет шешімдерін насихатап, жұртшылыққа фабрика мен зауыттарда, колхоздар мен совхоздарда жаңа мамандықтарды игеру бағытында көмек көрсетті, жазушылармен, ақындармен кездесулер лекциялар, өткізді, көшпелі кітапхана жұмысын ауылдар мен өндіріс орындарында ұйымдастырды. Көктемгі егіс уақытында 1942 жылдың наурыз-сәуір айларында кітапхана қызметкерлері қаладағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, облыс өңірінде саяси-ағарту және көпшілік шараларды атқару мақсатында ауылдарға барып, жылжымалы кітапхана жұмысын үйлестіріп, тың ақпараттармен қамтамасыз етіп отырған. 1943 жылдың жазында кітапханада М.Горькийдің шығармашылығына байланысты көрме ұйымдастырылып, автордың үздік шығармалары, мақалалары және жазушы туралы жарық көрген басылымдар қойылған.

1944 жылдың шілде айында кітапханада ”Три года Отечественной войны Советского Союза”, ”Отечественная война в художественной литературе”, ”145 лет со дня рождения А.С.Пушкина”, ”Советы огородникам”, ”Творчество А.П. Чехова” тақырыптарына кітап көрмелері ұйымдастырылып, ”А.П.Чехов и театр” тақырыбына лекция өткізілген.

Н.В.Гоголь атындағы кітапхана, қазіргі Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы соғыс жылдарында қала мен облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысумен қатар, жаудан тазартылған одақ көлеміндегі аудандарға ақпараттық қолдау көрсеткен. Кобеляки мен Полтаваға мектеп оқушылары үшін оқулықтар, саяси және көркем әдебиеттер жіберілген. 1944 жылы жаудан азат етілген аймақтарға барлығы 400 дана кітап жіберіп, майдан даласындағы жауынгерлерге кітапханашылар қолынан келген қызметті көрсеткен.

Барлық елдер сияқты кітапханашылар да «Өзіміз үшін ғана емес, майдан даласындағы жолдастарымыз үшін еңбек етеміз!» деген ұранды берік ұстаған. Неміс фашистерін жеңуде тылда еңбек еткен миллиондаған адамдар тер төгіп, өз үлестерін қосты.

Ұлы Отан соғысы оқиғасы мен сұрапыл жылдардағы кітапхана қызметі тарих беттерінде мәңгі қалары сөзсіз. Ел қорғаушыларының ерлігі Жеңіске жеткізген жетістіктер біздің есімізде және кітап парақтарында мәңгі сақталады.

Адамзат тарихындағы осынау Ұлы Жеңіске жетуде біздің кітапханашыларымыздың да зор үлесі бар. Солардың бірі – Мария Васильевна Акимова. 1934 жылы 25 жастағы Мария Васильевна Н.В.Гоголь атындағы кітапханаға жұмыс істеуге келеді. Ал 1941 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімі оны бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институты ғимаратында орналасқан, Семейге эвакуацияланған №3593 госпитальдағы кітапхана-клубқа меңгеруші етіп жібереді. Госпитальда жұмыс істей жүріп, Мария Васильевна жаралыларға үнемі рухани қолдау көрсетуге тырысты. Оның бастамасы бойынша госпиталь сахнасында саяси хабарламалар жасалып, концерттер ұйымдастырылды, Украинаның «Франко» тетры өнер көрсетті.

htmlimageМария Васильевна госпитальда мәдени-ағарту және насихаттау жұмысымен ғана шектелмейді. Ол үнемі медицина қызметкерлеріне ауыр жаралы солдаттарды вагоннан түсіруге, госпитальға қабылдауға, оларға қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті, науқастардың төсегінде кезекшілікте болып, жараларын таңып, жазылған жауынгерлерді үйлеріне апарып салды.

Ауыр жаралы жауынгерлерді өмірге қайтару үшін қаншама шыдамдылық пен жан жылуы керек еді, сөйтсе де, Мария Васильевна әрбір жауынгерге уақытын бөліп, мейірімді сөз таба білді. Айналасындағыларды осы бір нәзік әйелдің осындай адам күші жетпейтін ауырлықты мойымай көтергені таң қалдыратын. Әскери госпитальдағы ерен еңбегі үшін Акимова Мария Васильевна «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

1950 жылы Мария Васильевна кітапханаға оралып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін оқу залының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Жылдар өте келе, Мария Васильевнадан соғыс жылдары жеке ерлігін қалай бағалайтынын сұрағанда, ол таң қаларлық ештеңе жоқ, жай ғана өзімнің азаматтық, адами парызымды орындадым деп жауап беретін.

Кітапханадағы жұмысы барысында Мария Васильевна Мәдениет Министрлігінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің мадақтама қағаздарымен марапатталды. 1957 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді.

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ата-бабаларымыздың рухына тағзым ретінде олардың ерен ерліктерін, жер, Отан, біздердің жарқын болашағымыз үшін жасаған ерліктерін мәңгілікке есте сақтап, жадымызда ұстаймыз. Соғыс зор апат, сондықтан да бейбітшілікті сүюші әрбір адам соғыстың болмауын қалайды.

Әдебиеттер тізімі:

Аязбаева Г. Кітапхана Ұлы Отан соғысы жылдарында // Семей таңы.-2010.-3 мамыр.-3 б.
Семипалатинской библиотеке им. Гоголя 100 лет: Путеводитель.- Семипалатинск, 20 б.
Семипалатинская область в цифрах.- Семипалатинск, 1988.- 30 с.
Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы: Құжат 1941 жылғы 25 қараша «Из политдонесения комиссара эвакогоспиталя №3593 председателю комитета по обслуживанию раненых и больных бойцов, командиров РККА»