XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы Семей тарихы экономикалық және мен рухани-мәдени дамуында көптеген тарихи оқиғаларды басынан кешірді. 1718 жылы Ямышев көлі жанынан салынған бекініс бой көтерген уақыттан бастап, Семей қаласының дүниеге келген күні болып есептеледі.

ХІХ ғасырдың ортасына таман Семей қаласының сауда орталығы ретінде атқаратын қызметі ерекше маңызды болды. Семей саудагерлері, көпестері батыста Қытаймен, солтүстікте Ресеймен және Орта Азия елдерімен сыртқы сауда байланысын дамытты. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Семей өңірінде көптеген өнеркәсіп орындары пайда бола бастады. Кең көлемдегі сауда орындарының, жәрмеңкелердің ашылуы, зауыттар мен фабрикалардың сандарының артуы осы қалалардағы халық санының өсуіне де жағдай жасады, қалада сауда мәдениеті дамыды.

XIX ғасырдың аяғында қала мәдениеті қарқынды дами бастады. Архив деректерінен тек 1883-1905 жылдар арасында ғана Семейдің өзінде жүзден астам саяси жер аударылғандар тұрған. Орыс зиялылары П.Михаэлис, А.Л.Блек, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобоновский, Н.Я. Коншин және басқалары Семей өлкесінің табиғаты, этнографиясы, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосып, қаладағы алғашқы ғылыми орталық – облыстық статистикалық комитет пен Батыс Сібір Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесінің ашылуына аянбай еңбек сіңірді. Өлкетану орталығы аймақта географиялық, метереологиялық, геологиялық, тарихи, этнографиялық, статистикалық зерттеулер жүргізіп, ғылым саласын аса құнды мағлұматтармен қамтамасыз етті.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы ұлттық сананың оянып қазақ зиялыларының қоғам өміріне қызу араласуымен сипатталады. Ұлы Абай мүше болған өлке тарихында ерекше орны бар осы ғылыми қоғамға Әлихан Бөкейханов бастаған қоғам қайраткерлері Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев Шәкәрім Құдайбердіұлы, Назипа мен Нұрғали Құлжановтар т.б. бөлімше жұмысына белсене араласады. Әлихан Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде оның ақындық шеберлігін жоғары бағалап, Ресей Географиялық қоғамы шығарған кітапқа енгізеді. Абай қайтыс болғаннан кейін де Семей географиялық бөлімі шығарған «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Императорского русского географического общества» кітабының III шығарылымында басылады. Заңгер Ақбаев Ж. қазақтардың некелесу зандылықтары туралы бөлімше кітапшасының 3-шығарылымына жариялайды. Бөлімше мүшелерінің саны жылдан-жылға артып, 1913 жылы 140 мүшесі болған.