2014 жылы Семей облысының құрылғанына – 160 жыл толып отыр. 1854 жылы Семей облысы, кейіннен губерния болып құрылды. Бұл Омбының дала генерал-губернаторствосына бағынды. Семей облысының құрылуына байланысты қалада ірі мереке өтіп, оған аты еліне белгілі талай ақсүйектер қатысты. Жаңадан ашылған Семей облысына әскери губернаторды Ресей императоры арнайы Жарлығымен тағайындады. Бұл қызметке лайық деп полковник Петр Михайлович Спиридонов танылды.
Сол 1854 жылы Семейде қалалық Дума және қалалық сот жұмыс істеді. Бұл екеуі шаһар, тіпті облыс орталығы болмағанда да жұмысын тоқтатқан емес. 1854 жылы Семей облысының прокуроры болып барон А.Е. Врангель тағайындалды. Ол Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген заңгер еді.
Бүгінде Семейді жалпы Қазақстанның елі асқан сауаттылардың қаласы деп атайды. Оның жөні бар, өмір шындығы дейміз. Семей қаласы облыс орталығына айналмай тұрғанда, 1850 жылы тамыз айында қалалық баспахана ашылды. Оның ашылуына өз қалталарынан қаражат бөлген бірінші гильдиялы Семей көпестері Ф.С. Афонин, С.Мусин, Б. Еспаев, Н. Масленниковтер болды.
1864 жылы 10 жылдық облыстың губернаторлық мерзімі аяқталған полковник Спиридонов Петр Михайлович қызметінен босап, орнына 1862 жылы майор шені бар Герасим Алексеевич Колпаковский (1819-1896) Семей облысының генерал-губернаторы болып 15 жылдық мерзіммен Ресей императорының жарлығымен қызметке тағайындалды. Г.А. Колпаковский Ресейдің Нижний Новгород қаласында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған Г.А. Колпаковский 16 жасында 1835 жылы Модлин жаяу әскер полкінде қатардағы солдат ретінде өз қызметін бастады. 1840 жылы Кавказ жағалауына түсірілген десант әскерлерінің ішінде жүрді. Оған сол жылы прапорщик әскри шені берілді. Г. Колпаковский Кавказдағы әр жерден шыққан көтерілістерді басуға да қатысты. 1849 жылы Венгрия әскери компаниясында Германштадт қаласының тұсындағы шайқаста ерлік танытты. Қазақтар Колпаковскийді қатты сыйлады. Ол орыс, мынау қазақ деп халықтарды бөлген жоқ, кінәлары болса ұлтына қарамай қатты жазалады. Мал ұрласа дүре соқтырды. Оның ауыр жұдырығына талай орыстар да ұшырады, яғни қала тәртібін қатаң сақтады.
1862 жылы Колпаковскийге генерал-майор әскери шені берілді. Ол шен 1871 жылы генерал-лейтенантқа тағы да жоғарылатылды. Өте дарынды Герасим Алексеевичке 1885 жылы жаяу әскер генералы атағы тағы ұсынылды. Генерал Колпаковскийден кейін Семей облысы губернаторы болып, генерал –майор Галкин тағайындалды. Ол небәрі 6 жыл ғана губернатор болды.
ХІХ ғасырдың соңында Семей облысын генерал-майор губернатор Карпов басқарды. Ол Семейде Батыс Сібір Географиялық қоғамының бөлімшесін ұйымдастыруға бұйрық береді. Батыс Сібір Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі 1902 жылы сәуірде салтанатты түрде ашылған. Статистикалық комитеттің хатшысы болған Н.Я.Коншин «Семей облыстық ведомствосы» газетіне осы облыстың аса бай табиғи байлығын, археологиялық, архивтік, этнографиялық тарихын зерттеуде географиялық қоғам бөлігін ашу өте қажеттігін айтып, мақала жариялайды. Бұл мақалаға Семей облыстық әскери губернаторы Александр Феодорович Карпов көңіл бөліп, бөлімше ашу жөнінде Орыс географиялық қоғамының вице-президенті Петр Семеновқа хат жолдап, көмек сұрайды.
Бөлімшенің ең алғашқы төрағалық қызметін Н.Ф.Ницкевич, ал жұмысын Н.Я.Коншин басқарады. Бөлімше қызметін Орыс Географиялық қоғамының «Қосымшасына» сүйеніп жүргізеді. Бұл бөлімнің ашылуына жергілікті оқымысты ғалымдармен қатар Семейге саяси жер аударылып келген Е.П.Михаэлис, С.С.Гросс, А.Л.Блэк, А.А. Леонтьев белсене атсалысып, зерттеулер жүргізіп, тамаша құнды материалдар жинап, ғылыми еңбектер, мақалалар жазды.
Семей бөлімшесі далалық аймақтағы ең алғашқы өлкетану орталығы болып саналды, аймақтың флорасы мен фаунасына, жер-су, кен байлықтарына географиялық, минералогиялық, метеорологиялық, геологиялық тарихи-этнографиялық, статистикалық, археологиялық зерттеулер жүргізіп, ғылым саласын аса құнды мағлұматтармен қамтамасыз етті. Бастапқы жылдары Семей бөлімшесінің материалдық қорының негізгі көзі жеткіліксіз болды. Ол қалалық қазынадан бөлінген 500 сом ақша мен әртүрлі ұйымдардың аздаған жәрдемақысынан, мүшелердің жарнасынан құралды, Бұл қаржының, көп бөлігі мұражайға және баспа өнімдерін шығаруға жұмсалды. Оқымысты ғалымдардың да қатары сирек болды. Алайда, бірер жылдың ішінде бөлімше мүшелерінің құрамын атақты ғалым, саяхатшы, тарихшылар толықтырады. Семей облысын зерттеуде бөлім арнайы экспедициялар шығарып, Бұқтырма жазығына, Қарқаралы, Зайсан уездеріне жан-жақты зерттеулер жүргізіп, әртүрлі салада мәліметтерді, көнеден қалған тарихи ескерткіштерді жинастырады. Осы заттардың бәрі бөлімнің мұражайына тапсырылады. Бұл өлкетану мұражайы әрі 1883 жылы саяси жер аударылып келген Е.П.Михаэлис, А.Л.Блэк, А.А. Леонтьев, сондай-ақ қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың қолдауымен статистикалық комитеттің жанынан құрылған еді.
Бөлімшені ұйымдастырушылардың бірі Н.Я.Коншин бөлімшенің іс жұмыстарын басқара отырып, мұрағат ісін де өз қолына алған. Семей губерниясы жер көлемі бойынша бір жарым Францияның территориясын алып жатты.Оған осы күнгі 5 облыстың жері бағынды. Олар Өскемен, Павлодар, Семей, Зайсан, Қарқаралы уездері болатын. Осы ұлан ғайыр жерді Семей губерниясы ешбір шашау шығармай басқара алды.
Семей губерниясының облыстарға ыдырауына келетін болсақ, 1932 жылы 10 наурызда Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері негізінде екі жаңа облыс шаңырақ көтерді. Олар Шығыс Қазақстан (орталығы Өскемен қаласы) және Қарағанды облысы (орталығы Қарағанды қаласы) негізінде құрылды. 1973 жылғы наурыздың 3 жұлдызында Қарағанды облысынан Жезқазған облысы бөлініп, жеке өмір сүрді. 1938 жылдың 15 қаңтарында Павлодар кезі негізінде жаңа Павлодар облысы (орталығы Павлодар қаласы) шаңырақ көтерді.
1939 жылдың қазан айының 15-20-сы аралығында Семей уезі негізінде Семей облысы бой көтерді. Сонда ірі аймақ Семей губерниясының құрамында бес ірі облыс болыпты.
Бұл бөлінген төрт облыс жалғыз қалған Семей облысын сүліктей сорды. Біріншіден, осы төрт облысқа атына сай баспахана жасап беру үкімет тарапынан талап етілді. Семейдің губерниялық баспаханасы әр жаңа облысқа өз жабдықтарын беріп, облыстық газет шығара алатын деңгейге көтерді. Оның үстіне жаңа облыстарға еншіге мал бөлінді. Барлық облыс жан-жақтан келіп, жұрдай етіп тонаған Семей жүген ұстап қалды. Малдан ештеңе қалмаған соң есі шыққан Семей енді ешкі жинай бастады. Мұнда малсақ мамандар мен егіндіктің қыр-сырын молынан білетіндер көп болды. Соның арқасында Семей жері тағы да ілгері басып, түлеп шыға келді.
Бұрын Семейді Қазақстанның 40 пайыздық жеңіл өнеркәсібінің тұтқасын ұстағаны үшін Қазақстанның Чикагосы деп атайтын. Семей тарихи жер ретінде бай облыстардың қатарында да жүрді. Қой шаруашылығы бойынша 1975 жылы КСРО-да Ресейдің Чита облысынан кейінгі екінші орында болды.
1854 жылы Омбының православие және ислам діндері жөніндегі рухани басқармасы (Духовное управление православия и магометанства города Омска) Семейге екі минаретті мешіттің жобасын сыйға тартты. Бұл сідерге жасаған ақкөңілдік белгіміз деген көрінеді.
Сол мешіттің тұратын жерін Болботов бұрын татар боп, кейін шоқынып кеткен «кряшен» атанған техник-геодезист өлшеді.
Мешітті сапалы етіп салуға Омбыдан инженер-майор Алексей Фадеев деген маман жіберілді. Ол құрылыс материалдарының сапасына зор көңіл бөлген. Тіпті, мешітті салуға арнайы лайға араның балын да, қымызды да қосып жіберген деген мәліметтер бар. Екі минаретті мешіттің құрылысы 1854 жылы басталып, 1858 жылы аяқталды. Инженер А. Фадеев кезінде инженерлік академияны бітіріпті. Бұл мешіттің құрылысын қаржыландыруға қалтасы қалың татардың көпестері мен миллионерлері ересен атсалысты. Солардың ішінде Сулейманов, Садық Мусин, Хамитов, Ниғматуллин, Абдужаппаров, Рафиков және басқалар болды. Ал енді кейіннен Фадеев әскерге шақырылып, Севастополь бекіністерін салысуда Ресейдегі инженер-генерал (1869) Э.И. Тотлебеннің (1818-1884) көмекшісі болды. Сонда инженер-полковник шенін алған Фадеев көп ұзамай Қырым соғысында қаза тапты.
Семей облыс болып тұрған тарихында жалғыз рет 1967 жылы 29шілдеде Указбен Ленин орденімен марапатталды. Оны Д. Қонаев табыс етті. Орденді Михаил Пантелеевич Карпенко мен Е. Қашағанов қабылдады. Олар награда қадалған біздің облыстың туын кезекпен сүйді.
1997 жылы 3 мамырда жарық көрген Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Семей облысы таратылды.

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру туралы: (Семей облысы туралы да бар) // ҚР Президенті мен ҚР Үкіметінің актілер жинағы.-1997.-№18.
2.Қазбалинов Т. Шаһар хикаясы// Семей таңы.- 2003.-11 сәуір; 18 сәуір; 25 сәуір.
3.Қазбалинов Т. Ірі аймақтың ірі хикаясы// Ертіс өңірі.- 2004.- 17 маусым; 24 маусым.-29 б.
4.Семей кеше және бүгін / Құрастырған З.Мағауина.- Семей: Талант, 2010.-76 б.
5.Семипалатинск. История городов Казахстана.-Алматы: Наука, 1984.-223 с.
6.Семипалатинской области – 65 лет: Рекомендательный библиографический указатель.- Семипалатинск, 1983.-73 с.
7.Семипалатинская область в цифрах.- Семипалатинск, 1988.- 81 с.
8.Семипалатинской область в одиннадцатой пятилетке.- Семипалатинск, 1983.-10 с.