Анисимов Семен
(1911-1970)

Анисимов Семен Шығыс Қазақстан облысындағы Предгорное селосында 1911 жылы туған. Өскемен, Семей педагогикалық техникумдарында, Ленинград журналистика институтында оқыған.
1931-1933 ж.ж. Семей облыстық «Прииртышская правда» газеті редакциясының ауыл шаруашылығы бөлімінде мал шаруашылығы бөлімінде мал шаруашылығы секторын басқарады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1946-1970 жылдары облыстық «Прииртышская правда» газетінде әдеби қызметкер, сектор, бөлім меңгерушісі болды. Шығармалары 1930 жылдан жариялана бастады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Ертіс бойында» деген атпен 1954 жылы жарық көрді. Шығармашылығын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартты.
«Қайнар» (1956), «Замандас» (1962), «Сентябрь» (1972, 1980), «Жастық жалыны» т.б. поэзиялық кітаптарында Ертіс өңіріндегі жасампаз бейбіт еңбек, қазақ даласындағы ұлы өзгерістер, туған табиғат бейнесі, отандастарымыздың асыл-арманы, мақсат-мұраты жырланады.
Отызыншы жылдардан бастап оның әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланды.
1968 жылы «Жазушы» баспасынан «Парамон Крутихиннің құпиясы» атты повесі мен әңгімелері жинағы жарыққа шықты. Бұл повесте екі шаруа адамының – қарт коммунист Матвей Щедров пен бұрынғы кулак Парамон Крутихиннің тағдырындағы қайғылы да қасіретті жайларды суреттейді. Адам бақыты, туған жерді сүю, жалпы адамзатты қадірлеу, өзінің де қадірменді болу туралы мәселелер «Мыс таңба» (1968), жастардың моральдық бейнесі, «Көкек» (1969) повестерінде көрініс тапқан. «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған.

Әдебиеттер тізімі:

Қазақстан жазушылары: Анықтамалық.- Алматы: Ана тілі, 2004.- 27 б.
Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия 4 том.- Алматы,1989.- 121 б.

 

Әбдірахманов Төкен
(1917-1990)

Ақын Төкен Әбдірахманов бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Қызылтас деген жерінде 1917 жылы дүниеге келген. 1937 жылы Зайсанда педагогикалық училищені бітіріп, Алматыда КазПи-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген соң Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Пионер» журналының бас редакторы болды. 1951 жылдан КазПи-де аға оқытушы, доцент, көп жылдар педагогикалық қызметтерде болды. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Қарғаш» 1952 жылы шықты. Халық ауыз әдебиеті негізінде жазылған «Қожанасыр хикаялары», «Екі ертегі», «Қарша қыз» өлең кітаптары жарық көрді. Ақын сонымен қатар, 3-4 сыныптарға арналған «Ана тілі» оқулықтарының авторы. Ғ.Тоқайдың, С.В. Михалковтың, В.А.Осееваның, ағайынды Гримдердің т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Құрмет» белгісі және т.б. медальдармен мараппатталды

Әдебиеттер тізімі:
Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия 4-том, 1989.-136 6.
Құттықтаймыз: ( Ақынның туғанына 70 жасқа толуына орай) // Қазақ әдебиеті.-1987.-1 май.-10 б.
Советтік Қазақстан жазушылары: био-библиографиялық анықтамалық.- Алматы:
1987.-58 б.

 

Әбенов Шәкір
(1901-1994)

Шәкір Әбенов 1901 жылы 1 наурызда Абай ауданының Құндызды ауылында туған.
Әкесі Әбен қажы баласын 5-6 жасынан ауыл молдасына оқытып, Семейде Приходская мектебін тәмамдатқан. Кейіннен Уфа қаласына жіберіп, Ғалия медресесінде оқыған. 13-14 жасында Семейге оралып мешітте істейді, ез бетімен мүсылманша кітаптар оқиды. Осы жылы ол қазақтың белгілі ақыны С.Торайғыровпен танысып, оның өлеңдерін жатқа айтатын болған. Орыс ақындары А.Пушкин, М.Лермонтов жырларымен алғаш сусындауы да осы кез. Осы уақытта революция басталып, жас бозбала сол дүбірге ден қойып кетеді.
1921-1926 жылдары атқамінер белсенділер қатарына қосылып, Мақаншы жақта кеңсе қызметін атқарады. 1929-30 жылдары ауылдарды кеңестендіру кезінде өз пікірін білдіру кезінде қудалауға ұшырап, Алматыға кетеді. Мұнда С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты әдебиеттің майталман ақындармен бірге жырлаған ақын рухани азық алып еліне Мақаншыға оралады.
1937 жылы Алматыда “Әдебиет және искусство” журналында “Қозы Көрпеш Баян сұлу” дастанының Ш.Әбенов жырлаған нұсқасы жарық көреді. Сабырбай, Дулат, Жанақ, Түбек ақындардың мұраларын жаздырып, қолжазба қорына тапсырады. Жамбылдың әдеби хатшысы болып қызмет жасайды. Тағы да қуғынға ұшыраған соң, сұранып 1941 жылы соғысқа кетеді. Соғыста бір аяғынан жараланып, еліне қайтады, Отан соғысынын 1-дәрежелі орденімен марапатталады.
Ғасырға жуық жасап, заманның қилы-қилы қыр-сырына қаныққан сұңғыла ақын өз жырларына көбіне махаббат пен әділдік, ерлік пен ездік, адалдық пен арамдық, адамгершілікті өзек етуден еш айнымайды.
“Қозы Көрпеш -Баян сұлу”, “Таңшебер Жапал”, “Кейпін батыр”, “Ана махаббаты”, “Алданған қыз”,”Патша мен байғыз”, “Қорқыт қобызы” аңыз толғауларын, мысал-өлеңдерін жазады.
“Шәкір ақынның “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” дастаны жай жыр ғана емес, жеке адамдар қарым-қатынасы, тағдыры арқылы қазақ елін, яғни тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-санасы мен ғұрып-дәстүрін, жан-дүниесін, арманын қамтып суреттейтін, өлеңмен жазылған роман, шынайы эпикалық шығарма. Мұнда қазақ өлкесінің ұлан-ғайыр қиырлары, ең бастысы революцияға дейінгі көшпенді қазақ қауымының өзара қарым-қатынасы мен әлеуметтік жағдайы нақты адамдар аясында жан-жақты бейнеленген”,- деп жазады С.Байжан-ата ақын жырлары туралы.
Шәкір ақынның тағы бір ерекшелігі – домбыра, қобыз, гармон аспаптарын құбылта ойнаумен қатар, өлең мәтінін де өзі жазып, әнін де өзі шығарған сазгердің “Алтай аруы” Құндызды ауылының той-думанының көркі. Ақынның шығармашылығын зерттеуде бұған дейін Сапар Байжан ата XX ғасырдағы казақ поэзиясының еркін тұлғасы Шәкір Әбенұлының қос томдық шығармалар жинағын өз қолымен даярлап, ақын шығармашылығы туралы монография жазған еді. 2001 жылы “Жер кіндігі – Жидебай” атты кітабы Елорда баспасынан шықты. Онда ақынның өмірбаяны мен өлең-дастандары берілген.
Ш.Әбенов Республика Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған. “Халықтар достығы” орденінің иегері. Түңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ант беру рәсімінде бірінші бата берген ақсақал. Туған жерінде ақын мұражайы ашылды. Артына мол шығармашылық мұралар қалдырған, арқалы ақын, сазгер, көнеден қалған мұраны қастерлеп өткен Ш.Әбенов 1994 жылы қазан айында дүниеден етті.
Әдебиеттер тізімі:

Айтұлы Н. Ғасырдың кәзі тірі куәгері // Қазақ әдебиеті. 1992.-17 қаңтар.
Әбенов Шәкір [Қазанама] // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 4 қараша. -146.
Байжан-ата С. “Өлсең де өнер емес, өмір өлер… ” немесе ақын жайлы сыр
// Абай. -1999. -№1. -52-55 бет.
Ғалымов Е. Шәкір ата ауылы – өнердің қайнар көзі // Ертіс өңірі. – 2004.-8
қаңтар
Кемелбаева А. Ш.Әбеновтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” дастаны // Абай. – 2001. – №4. – 31 б.
Шәкір шығармалары – жаңа кітапта // Ертіс өңірі.-2011.-12 қазан.-2 б.

Әдібаев Хасен
(1924-2012)

Хасен Әдібаев 1924 жылы 6 тамыз күні бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Қосағаш ауылында туған. Алғаш ауыл мектебінен сауат ашарлық дәржеде хат таныған ол кейін ата-анасымен отызыншы жылдардың зобалаңына тап болады. Әуелі Қытай жеріне қоныс аударып, ол жақтан да қиындық көргеннен кейін, елге оралады. Алматы қаласына қоныс аударып, осындағы орта мектепте оқиды. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Қысқа мерзімді әскери курсты бітіргеннен кейін Х. Әдібаев соғысқа лейтенант болып қатысып, орта дәрежедегі командирлік қызметті атқарады.
Өзінің ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен қыбілетінің арқасында кейін батальон командирі дәрежесіне дейін көтерілген. Ұлы Отан соғысы кезінде батальонға басшылық жасаған қазақ командирлерінің санаулы ғана болғанын ескерсек, Х. Әдібаевтың бұл әскери қызметі салыстырмалы түрде жоғары лауазымдық деңгейде деуге болады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін майдангер жазушы «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен наградталған. Соғыстан оралғаннан кейін Аягөз ауданында аудандық комсомол ұйымының жетекшісі, мектеп мұғалімінің қызметтерін атқарды. Кейін Алматы қаласына қоныс аударып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ұзақ уақыт бойы ұстаздықпен айналысады. Ол қарапайым оқытушылықтан профессор дәрежесіне дейін өсіп, кафедра меңгерушісі міндетін де атқарған.
1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия бөлімін, 1959 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітіреді. Әдеби сын және әдебиеттану ғылымымен шұғылдана жүріп, осы бағытта бірнеше кітпатар шығарған. Атап айтқанда, олардың қатарында «Уақыт және суреткер» (1967), «Талант, талғам, тағдыр» (1971), «Көкжиек» (1978), «Абай патшалығы» (2009) және басқа да еңбектері бар.
Сыншы, ғалым тек әдебиеттану ғылымымен шектеліп қалмай, өз қаламының қуатын көркем прозада да сынап көрсетті. Оның нақты мысалы «Таңбалы адам» (1975), прозалық жинағы, «Отырар ойраны» романы (1986), «Әупілдек» (1987), «Өмірдария» (2006) ғұмырбаяндық романы арқылы көрінді. Бұл шығармаларға енген көркем шығармалардың қай-қайсысы да ойының орнықтылығымен, көркем прозаға қойылатын шарттардың сәтті орындалуымен оқырман назарын аударды. Әсіресе, Отырар қаласының моңғол шапқыншылығынан қалай күйрегенін көрсетуге арналған «Отырар ойраны» романы.
Майдангер-қаламгердің жарық көрген кітаптарының саны бірсыпыра. Оның ішінде онға таяу еңбегі орыс тілінде жарық көрген. Бірнеше орден, медальдармен наградталған.

Әдебиеттер тізімі:

Майдангер-қаламгерлер: Анықтамалық.- Алматы.-2010.- б.24-25

 

Жұмаханов Жекен
(1913-1978)

Жазушы Жекен Жұмаханов 1913 жылы 5 желтоқсанда Абай ауданы Жүрекадыр ауылында кедей шаруа семьясында дүниеге келген. Жастайынан өлең жырға үйір болып, аңыз-ертегілерді жақсы білген. 1925 жылдан бастап оқыған, Семей қаласындағы 19-шы орта мектепті, педагогика техникумын, 1935 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтына түсіп, оны айрықша дипломмен бітірді.
1905 жылғы орыс революциясына қазақ жазушыларының қатысуы туралы естіген, жинаған материалдар негізінде «Ақ бидай» поэмасын жазды. Поэманың үзіндісі 1939 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Ж.Жұмаханов соғыс жылдарында, одан кейінгі уақыттарда да барлық шығармашылық қабілетін прозалық шығармалар жазуға жұмсады.
Бұдан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында ұзақ жылдар меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осы қызметте жүрген уақытта Ұлы Отан соғысы басталып, Ж. Жұмаханов майданға аттанады. Ұлы Отан соғысы жылдарында әуелі Калинин, кейіннен 11-Прибалтика майдандарында «Жауға қарсы аттан» газетінің тілшісі, ротаның саяси жетекшісі болып қызмет атқарды.
Жекен Жұмаханов осы майдан шебінде жүріп, қазақтың атақты батыр қыздары, Кеңес Одағының Батырлары Әлия Модағұлова, Мәншүк Мәметоваға көзі тірісінде жолығып, сөйлесіп қалған санаулы қаламгерлердің бірі. Соғыстан кейінгі жылдары да Әлия, Мәншүк туралы повестер, әңгімелер жазып, жеке кітап етіп бастырды. Сондай-ақ, төрт жүзге жуық фашисті жер жастандырған, атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовпен, көзсіз батырлығымен ел назарына іліккен қазақ жауынгері Бексұлтан Рахметовпен ұшырасып, әңгімелескен. Бұл батырлармен қаламгер тек әңгімелесіп қана қоймай, олардың жан жүниелеріне еніп, өмірбаяндарына да қанық болған. Қандай адамдар екендігін аңдап, соған орай оларды өзінің кейіпкерлеріне айналдыра білген.
Тек бұл адамдарды айтпаған күннің өзінде Ж. Жұмаханов басқа да елден келген жауынгерлермен сөйлесіп, олар жөнінде де очерктер, шағын шығармалар жазып, жалпы соғыстың бет алысы жөнінде майдан газеттері арқылы қалың жұртшылықты хабардар етіп отырған.
Армия қатарынан 1946 жылдың мартында босаған соң, қайтадан журналистика, әдеби өмірге араласты. Ж. Жұмаханов прозасының негізгі тақырыбы – өзі көрген, басынан кешкен Ұлы Отан соғысындағы қанды оқиғалар. Жекен жазушы ретінде «Солдат жолы» (1958), «Жазылмаған кітап» (1959), «Келін» (1960), «Қаракөз қарындасым» (1962), «Үш бәйтерек» (1965), «Соқпақ соңы» (1967), «Адам тау қопарады» (1967), «Мен – жұмысшымын» (1972) т.б. көптеген кітаптардың авторы. Бұларда жұмысшы, малшы, жастар өмірінен алынған ауыл тұрмысы шынайы суреттелген. Жазушы драматургиямен де шұғылданды. «Махаббат пен мансап», «Ленинге хат» т.б. пьесалар жазды. Осы елеулі еңбектер қазақ әдебиетінің қажырлы қаламгерлерінің бірі – Жекен Жұмахановтың тіршілігінде тындырған игілікті ісі, көзі тірісінде жасап кеткен ескерткіші іспетті. Жекен Жүмақанов Н.Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, В.Орловтың «Митра Кокорь» деген повесін қазақшалады. Ж.Жұмахановтың жеке әңгімелері орыс, өзбек, қырғыз, украин, латыш, поляк тілдерінде жарық көрді.
Қаламгер сонымен бірге көркем очерктер жазумен, аударма саласымен де шұғылданған. Оның аударма еңбектерінің қатарында Н.Гогольдің «Рим» әңгімесі, В. Орловтың «Батыл ой», М. Торездің «Халық ұлы» деген кітаптары бар.

Әдебиеттер тізімі:

Жұмаханов Ж. Делегат: Әңгімелер / Құраст. Ә. Бөпебаев.- Алматы: «Жалын», 1983.- 72 б.
Жұмақанов Ж. Қарагөз қарындасым: Әңгімелер.- Алматы: «Жазушы», 1979.-304 6.
Жұмақанов Ж. Махаббат пен мансап: Повестер.- Алматы: Жазушы,1970.- 191 6.
ЖұмақановЖ. Мен жұмысшымын: Повестер.-Алматы: «Жазушы»,1972.- 125 6.
Жұмақанов Ж. Шұбартау таңы: Повестер мен әңгімелер.- Алматы, «Жазушы»,-1975.-150 6.
Нұршайықов Ә. Жекен Жұмаханов // Семей таңы.-2004.-9, 16 қаңтар.

Лекеров Асқар
(1912-1964)

Асқар Лекеров 1912 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында туған. Сол жердегі мектепті бітірген. 1932-1934 жж. «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында тілші болып істеген.
1934-1936 жылдары Қызыл Армия қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын орындайды. Әскерден оралған 1936-1938 жылдары Алматыдағы журналистер институтында оқыған. 1941 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында еңбек етеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскер қатарынан босағаннан кейін 1946 жылдан бастап тағы да «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істейді.
1950-1953 ж.ж. КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқыған. 1953-1954 ж.ж. «Әдебиет және искусство» журналы редакторының орынбасары болды. 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақтың мемлекеттің көркем әдебиеті баспасында редактор қызметін атқарды. А. Лекеров белгілі аудармашы. Ол Қытай жазушысы Дин-Линнің «Санған өзені үстіндегі күн нұры» деген еңбегін және «Ауған ертегілерін» қазақ тіліне аударған. «Қызыл Жұлдыз», I, II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Әдебиетке 1934 жылдан бастап араласа бастаған А. Лекеровтың өлең, очерк, әңгімелері газет-журналдарда жарияланып жүрді. Оның әр жылдары жарық көрген «Достар» (1955), «Гауһар» (1969) атты өлеңдер жинағы, «Сөнбейтін жұлдыздар» (1957) атты әңгімелер жинағы осының жарқын мысалы. Ұлы Отан соғысына қатысқан қаламгер қаламынан туған шығармаларында халықтар достығы, бейбітшілік, адамгершілік сынды өзекті және мәңгілік мәселелерді арқау ете білді.
Оның «Сөнбейтін жұлдыздар», «Тұз гүлі», «Әке сыры», «Ақсұңқар», «Ақбас», «Көңілдің тыңы», «Дала гүлдері», «Ақ қайың», «Ең қымбатты» тәрізді әңгімелері, повестерінен қаламгер қаламына тән сыршыл лиризм байқалады. Майдангер қаламгердің негізгі кейіпкерлері – өршіл заманның өршіл патриоттары. Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанды жауды қорғаған қаламгердің негізгі кейіпкерлерінің отаншыл патриот болуы да заңды еді.

Әдебиеттер тізімі:

Майдангер қаламгерлер: Анықтамалық.- Алматы.- 2010.- 75-76 б.

 

Машақов Сәду
(1906-1996)

Сәду Машақов бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданындағы Воскресеновка селосында 1906 жылы 27 қарашада дүниеге келді. Жеті жасынан ауыл молдасынан дәріс алған ол екі жылдан кейін Семейдегі № 11 орыс орта мектебіне ауысады. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, мұғалім, газет қызметкерлерін дайындайтын әр түрлі курстарда білімін жетілдіреді.
1928 жылдан бастап, С. Дөнентаев редакторлық еткен Семей облыстық «Қазақ тілі» газетіне қызметке орналасады. Оның қаламының төселуіне С. Дөнентаевпен бес жылдай (1928-1933) бірге қызмет істеуі септігін тигізгені анық. Отызыншы жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысындағы өкілі болды. Сол өңірден 1934 жылы Қазақстан жазушыларының 1- съезіне делегат етіп сайланады. Еңбек жолын журналистикадан бастаған ол білімін жетілдіру мақсатында 1930-1935 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институттарда тіл-әдебиеті факультетінде С. Сейфуллин, М. Әуезов, Қ. Жұбановтардан дәріс алады. М.Қаратаев, Қ.Бекхожин, Ә. Шәріпов, М. Ғабдуллин, Ә. Тоқмағамбетов сынды болашақ ғалым, ақын-жазушылармен бір курста оқыған ол аталған оқу орнын бітірген соң, облыстық газетке қайта оралады. Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтында сырттай оқып, білімін толықтырады.
Семей облыстық “Семей таңы” газетінде 1928-1960 жылдарға дейін бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеген.
Ұлы Отан соғысы басталғанда «Қолыма қалам емес винтовка алып, аттандым қалың қолмен мен де бірге» деп қолындағы қаламын қаруға айырбастаған ақын «қалайша көптен қаламын» деп, өз замандастары секілді майданға аттанды.
Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова туралы «Мәншүк» атты өлеңі халық арасына кеңінен тарап, әнімен айтылып жүр. Сұрапыл соғыстың қан майданын кешкен жауынгер ақынның қаламынан туған «Майданда», «Мәншүк», «Жауынгер сөзі», «Волгадағы шайқас», «Екі дос», «Бір сағат» және басқа майдан жырлары қазақ әдебиетіндегі қаһарлы күндер әдебиетіне қосылған табыс.
1961жылы Алматыға қоныс аударып, 1968 жылға дейін Қазақ телеграф агенттігінің аудармашылар бөлімінің редакторы болды. Журналистіктен көркем аудармаға ойысқан жазушы А. Пушкин, М. Лермонтов, А. Кольцов, С. Щипачев, Ғ. Тоқай және басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тілінде сөйлету арқылы көркем аударма саласына да біршама үлес қосқан аудармашы.
С.Машақов көптеген өлең кітаптардың авторы. Ұлы Отан соғысы жылдарында армияда үгітші-лектор, майдандық газеттің редакторы, соғыста саяси жағынан аға нұсқаушы болып қызметтер атқарды.
Жазушы шығармаларының да дені майдан тақырыбына арналды. Атап айтқанда, “Майданда”, ”Мәншүк”,”Жауынгер сөзі”, ”Шайқас”, “Екі дос”, ”Бір сағат” т.б. Жазушының басқа да шығармалары қоғам өміріндегі өзгерістер, жаңалықтар, халықтар достығы, адамгершілік т б. тақырыптарына арналды.
Қазақ әдебиетіне журналистикадан келген майдангер қаламгер қазақ әдебиетіне публицистикалық, поэзиялық туындылармен бірге көркем аударма саласынада үлес қосты. Ақынның негізгі кейіпкерлері – кеңестік дәуір перзенттері. Қазақ поэзиясын соғыс тақырыбымен байытқан қаламгердің майдан жырлары қаһарлы жылдар әдебиетін толықтырды. Ол майдан даласының көлеңкелі де күнгей де жақтарын шынайы бейнелеуде де жетістікке жетті.

Әдебиеттер тізімі:

Әбілов Д. Ақын Сәду Машақовтың туғанына 90 жыл // Қазақ әдебиеті.-1997.-3 желтоқсан.-12 б.
Жоламанова П. Замана шындығын жырлаған // Семей таңы.-1996.-36 қараша.
Машақов С. Менің әдебиетке келу жолдарым // Семей таңы.-1996.-26 қараша.
Орда Г. Машақов поэзиясының терең тамыры: сөз өнері дертпен тең // Ақиқат. – 2010. – № 12. -54-57 Б.
Оспанов Н. Ақындар ағысы // Семей таңы.-1996.-26 қараша.
Рымжанов Т.Достықты қадірлейік, қапы қалмай…//Дидар.-2006.-4 қараша.

Нұршайықов Әзілхан
(1922-2011)

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А. Фадеев атындағы Ресей жазушылар сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданында Ақбұзау ауылында туған.
Әдебиетке талабы бар жас Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, одан кейін сондағы Н.К. Крупская атындағы институтта оқиды.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін он тоғыз жасында 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Алғашында 100–қазақ дербес атқыштар бригадасының құрамында зеңбірек командирі болған Ә. Нұршайықов Калинин, 2 Прибалтика, I және II Белорусь майдандарында неміс фашистерімен болған шайқастарға қатысты.
Бір рет жау танкісі Ә. Нұршайықов басқарған расчеттің бес зеңбірекшісін өлтіріп кетеді. Сол шайқаста зеңбірек көздеушісі Әділхан Құсайынов екеуі ғана тірі қалады. Екі көзінен бірдей айырылған соғыс ардагері Әділхан Құсайыновқа жазушы өзінің «Махаббат жыры» (1964) деген алғашқы повесін арнады.
Соғыстан кейін жазушы «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында қызмет істеді. Әр жылдары осы газетте істеген жалпы еңбек өтілі – он жеті жыл. Әуелі әдеби қызметкер болып бастаған ол жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, облыстағы меншікті тілші, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, облыстағы меншікті тілші, редактордың орынбасары міндетін атқарды. Бұдан кейін Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы (1953-1956), республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы (1963-1965) қызметтерінде болған.
Жазушының алғашқы кітаптары – «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959) және «Жомарт өлке» (1960) жинақтары. Ә. Нұршайықовтың есімін жазушы ретінде Қазақстан жұртшылығына ерекше танытқан шығармасы «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970) романы болды. Жазушының екінші кесек шығармасы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы 1976 жылдың аяғында жеке кітап болып шықты.
Ә. Нұршайықовтың бұдан басқа «Махаббат жыры» (1964), «Әсем» (1966), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Тоғыз толғау» (1977) атты повестері жарыққа шыққан.
Жазушының Б. Момышұлы туралы жазған «Аңыз адам» деген радио-пьесасы, М. Әуезов туралы орыс, қазақ тілдерінде айтқан естеліктері мен басқа да бірсыпыра сөйлеген сөздері қазақ радиосының алтын қорына қыбалданған. Орыс тіліне аударылғаннан кейін «Ақиқат пен аңыз» басқа халықтар оқырмандарының игілігіне айналды. Алдымен Украинаның «Днепро» баспасы украин тіліне аударып жариялады (1984). Одан кейін Чехословакияның «Наше войско» баспасы чех тілінде шығарды (1985). Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар тілдерінде басылған.

Әдебиеттер тізімі:

Әдебиетіміз Әз-ағадан айырылды (1922-2011) // Дидар.-2011.-14 ақпан.-7 б.
Әз-аға сексеннің сеңіріне шықты// Семей таңы.-2002.-27 желтоқсан.
Ермек С. Дәрісханаға халық жазушысының есімі берілді // Семей таңы.-2009.-14 қазан.-3 б.
Елеукенов Ш. Ерлікке жаралған ұрпақ жазушысы// Қазақ әдебиеті.-1992.- 4 желтоқсан.-4 б.
Зүкенов М. Тана – Тұрсын: (Жазушы кейіпкері туралы) // Семей таңы.-2003.-7 наурыз.-4 б.
Кәкішев Т. Шынайы өмір жыршысы// Қазақ әдебиеті.-1992.-4 желтоқсан.-5 б.
Майдангер қаламгерлер: Анықтамалық.- Алматы,2010.-101-103 б.
Молдашева Р. Махаббат жыршысы өмірден өтті // Семей таңы.-2011.16 ақпан.-11 б.
Төлеуов С. Ақбұзауын аңсаған Әз-аға: Семейдегі сапарын жазушы «Семей таңынан» бастады // Семей таңы.-2003.-19-25 қыркүйек.-1.5 б.
Ыдырысов Д. Әз-аға және оның өмір өрнектері// Дидар.-2001.-12 маусым.-4 б.

 

Оразалин Кәмен
(1920-2008)

Шәкәрім ақынның қолынан дәм татқан, Мұхтардай ғұлама жазушымен үзеңгілес, сыйлас, Абай рухының асыл шырақшысы бола білген жазушы Кәмен Оразалин 1920 жылдың 16 маусымында Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында туған. 1939 жылы орта мектепті аяқтап, әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жасы 20-ға жеткен өрімдей жас жігіт өлім мен өмір арпалысқан қан майданның қақ ортасында жүрді. Сол кездің өзінде-ақ Абай, Шәкәрім, Көкбай, Шәкірлер сияқты өлең жазып, Мұхтардай зерделі сөздің зергері болсам деп армандайтын жас жігіт қалам мен қаруды қатар ұстап жүрді. Соғыстан аман оралған жазушы өзінің болашақ шығармаларына қыруар материалды туған жер төсінен жинады.
1947 жылы мұғалімдер институтын бітірген соң, туған ауылындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Бала оқытумен қатар жазушылықты та қатар алып жүрді. Абай ауылының құрметті азаматы.
Ұлы Отан соғысынан қан кешіп оралған Кәмен Оразалин 1950 жылы алғаш рет «Жексен» повесімен әдебиеттегі жолын бастады. 1959 жылы тың тақырыбына арналған «Ақ жазық», коллективтендіруді суреттеген «Көктем салқыны», «Кең байтақ» романдары, «Абай ауылына саяхат» атты жол сапар, тарихи мағлұматтарға бай кітаптары жарық көрді.
Абай – Мұхтар әлемінде Кәмен Оразалиннің дербес орны болуы заңды, ұлы дәстүрге адалдық, ал дәстүрді жалғастыру парыз. 1972 жылы жазушы Мұхтар Әуезов туралы төрт томдық роман жазды. Бұл романды жазуға 20 жыл ізденіп, 35 жыл табан аудармай жазды. «Абайдан соң» – жазушының ең кесек, ең негізгі туындысы, мұнда қазақ дүниетанымының негізгі қағидаларынан, сахаралық қалыбынан айрылмаған мұрат бар. Өзінің жарты ғасыр ғұмырын Абай атындағы орта мектепте жас жеткіншектерді білім нәрімен сысындатып, зейнеткерлікке шықса да жазумен шұғылданды.
Майдангер жазушы, қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалы Кәмен Оразалин 2008 жылы наурыз айында дүниеден өтті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Парасат» орденінің және көптеген медальдардың иегері.

Әдебиеттер тізімі:

Әдебиетшілердің ақылшы ағасы еді: [Жазушы туралы қазанама] // Семей таңы.-2008.-27 наурыз.-9 б.
Бәшей К. Шығыстың шымыр ақсақалы // Арна.-2000.-4 тамыз.-19 б.
Біржанқызы М. Ұмытылмас бейне // Арна.-2000.-4 тамыз.-19 б.
Қабдолов З. Аға туралы сөз // Семей таңы.-1980.-11 июль.
Қабдолов З. Ар бол, бар бол, аға! // Арна.-2000.-4 тамыз
Кемелбаева А. Қалам құдіретімен… //Арна.-2000.-4 тамыз.-18 б.
Кемелбаева А. Қараорда Қарауылдың абызы еді // Егемен Қазақстан.-2009.-18 наурыз.-5 б.
Көркембаев Р. Сергек ойлы қаламгер // Арна.-2000.-4 тамыз.-18 б.
Нұршайықов Ә. Қош, ең соңғы дос ағам // Семей таңы.-2008.-27 наурыз.-9 б.
Сапаев Ғ. Ұлылардың шапағаты // Арна.-2000.-4 тамыз.-18 б.

Шәріпов Әди
(1912-1993)

Әди Шәріпов Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Мариновка селосында 1912 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келген. Майдангер жазушы Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Кеңес Армиясының қатарында Беларусь жеріндегі, Смоленск, Орлов облыстарындағы партизан отрядтарының құрамында болды. 1943 жылдың желтоқсанынан 1944 жылдың мамырына дейін партизан қозғалысының Смоленск штабында жұмыс істеді.
Жалпы ол кісі көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Ақын Т.Молда­ғалиев «Дара тұлға» деген өлеңінде: «Мы­нау елде, ағатай, өзің жайлы аңыз көп», деп тегін айтпаса керек.
1941 жылы соғыс басталған бетте, қоршауды бұзып шығып, Белоруссияның Мухин орманында партизан отрядын құрған «Саша-қазақты (Ә.Шәріповті) ұстап бергенге елу мың неміс маркасын және помещиктің жерімен қоса үй-жайын сыйға береміз» деп фашистер ұшақтан листов­каны жайдан-жай таратпаса керек. Иә болмаса, 1928 жылы Өскемен қаласы­нан жеті тиынға сатып алған А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» оқулығын жанын шү­берекке түйе жүріп, сақ­тап, сондай кітаптарды туған жері Мариновка деревнясының Был­қыл­дақ өзенінің жағасын­дағы ағаштың түбіне көміп, соғысқа аттанарда күдік келтірмейтін жақын ағайын­дарының біріне қалдырып, елу жыл сақтауы, кейіннен А. Байтұрсыновтрады ақтаған комис­сияның мүшесі ретінде әлгі оқулықтың толық нұсқасын ең бірінші болып баспаға ұсынуының өзі жатқан ерлік емес пе?!
Майдангер-жазушы «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыз» атты шығармалардың авторы. Жазушының «Сахара қызы», «Дос сыры», «Қапастағы жұлдыз» т.б. шығармалары бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханасының кітап сөрелерінде әлі күнге сақтаулы, мерекелік іс-шараларда, кітап көрмелерінде оқырман назарына ұсынылып келеді.
Жазушының кез-келген шығармасын алып қарасақ та Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес жауынгерінің ерлігін баяндайтын, Отан үшін жанқиярлық батырлықтарын дәріптейтін шығармалар екеніне көзіміз жетеді. Партизан-жазушы өз шығармаларында сол бір аласапыран уақыттағы партизан достары, қарапайым да қаһарман замандастары өмірін өз шығармаларына бейнелеген. Әди Шәріповты сол кездері өзінің майдандас достары Саша-қазақ атағаны белгілі. Қатты жараланғанда оған қандай достық көмек, кіршіксіз ақ пейіл білдірген Роман шал және сол шалдың қызы Дусяның түн ұйқысын төрт бөліп, жаралы партизанға тездетіп тон тігіп бергені жөніндегі өмір материалдарының негізінде «Тон» деген повесть жазады.
Ә. Шәріптовтің «Партизан қызы» мен «Ормандағы оты» ортақ идея, ортақ кейіпкерлер тағдыры арқылы ажырамас тұтастық тапқан, бірінің бірі жалғасы боп келетін шығармалар, яғни повесть-диология. Мұны автордың өзі растағандай болып, 1969 жылы орыс тілінде шыққан «Бір тонның тарихы» деген жинағында, біз әңгіме етіп отырған шығармаларына «Ормандағы от» деп жалпы ат беріп, оның бірінші бөлімін «Партизан қызы», екінші бөлімін (бұрынғы «Ормандағы отты») «Жаза» деп атапты.
Жазушының «Қапастағы жұлдыздар» (1971) повесінің бас қаһарманы Лидия Герасимова да ешқашан ұмытылмады. Өйткені, оның Отан үшін қанқұйлы жаудан кек қайтару үшін гестапо тыңшылары мен барлаушылары тыным таппай кезіп жүрген қаладан аянбай әрекет еткені, ерен ерліктің үлгісін көрсеткені, ақыры қаһарманша қаза тапқаны шебер суреттелген. Әдидің сценарийі бойынша «Орман хикаясы» деген көркем суретті фильм де түсірілген. Ол 1972 жылы Азия-Африка елдерінің кинофестивальінде жүлделі орынға ие болды.
1944 жылы жараланып, елге оралғаннан кейін әуелі Қазақ КСР Оқу министрінің орынбасары, одан 1963 жылға дейін Оқу министрі, 1963-1966 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынба­сарынан Сыртқы істер министрі, 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1971-1979 жылдары Әдебиет және өнер институтының директоры сияқ­ты жауапты қызметтер атқара жүріп, «Жұ­мағали Саинның өмірі мен творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуы­ның проблемалары», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Сырбай Мәу­ленов творчествосы» атты монографиялық зерттеу еңбектер жазып, шетелге шыққан сапарларын бейнелейтін «Алыс жағалау­лар» атты очерктер жинағын шығарады. Әди аға қашан көзі жұмылғанша осы Әдебиет және өнер институтынан қол үзбей өтті.
Жан-жақты талант иесі Әди Шәріпов Ленин орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен, Қызыл Жұлдыз және «Құрмет Белгісі» ордендерімен, сондай-ақ Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жазушы Әди Шәріпов өмірбаяны туралы «Жақсылыққа жаралған жү­рек» атты кітаптың баспадан шығуы біз үшін қуанарлық жағдай. Жерлес жазушымыздың үлгілі өмірі мен ерлігін біз мақтанышпен айтып, кейінгі жас ұрпаққа есімін танытуда еш аянбаймыз.

Әдебиеттер тізімі:

Арынұлы Р. Әлдидің әлемі: (Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Ә.Шәріпов) // Ертіс өңірі.-2011.-22 маусым.-11 б.
Әдібаев X. Азамат жолы // Лениншіл жас.-1982.-31 желтоқсан.
Майтанов Б. Кемелдік асуы// Жалын.-1982.-№ 12.-194-196 б.
Нығметов А. Өмірінің өзегі ерлік пен достық //Қазақстан мұғалімі.-1982.-24 желтоқсан.
Чушекова Ж. «Саша-қазақ»: Әди Шәріповке 100 жыл// Семей таңы.- 2012.- 8 мамыр.- б.4