h05    Семей қаласының іргетасы 1718 жылы қаланды десек те, дәл алпыс жыл бойына қала патшалық Россияның қазақ даласының шалғайындағы әскери – әкімшілік және сауда пункті ғана болып келді.

Қаланың тарихы туралы айтқанда, әсіресе XIX ғасыр әкелген соны жаналықтар ерекше сөз етуге тұрарлық. Алайда, оның да алғашқысы емес, екінші жартысы. Бұл – Ертістің Семей өңірі патша үкіметінің колониялық өлкелерінің біріне айнала бастаған кезең болатын. Сол-ақ екен, Семей қаласы ішкі Ресей жерінен «саяси қылмысты» деп табылғандардың жер аударылып жіберетін орталығына айналды да кетті. Қалаға жер аударылғандар топ – тобымен жіберіліп жатты. Десе де қаламыз үшін, оның болашақ тарихы үшін саяси жер аударылғандардың келе бастауы прогрессивті роль атқарды. Ең бастысы, олардың арасында өмірден мол түсінігі бар, білімді де білікті жастар аз емес еді.

Архив деректерінен тек 1883-1905 жылдар арасында ғана Семейдің өзінде жүзден астам саяси жер аударылғандар тұрғанын оқып, білеміз. Бір ғажабы сол, олар тағдырын тәңірден күтіп, қол қусырып қарап жатпапты. Қалаға келген бетте қызметке кіруге талпыныс жасады. Ал, ондай оқыған азаматтарға ол жылдарда Семейдің әкімшілік орындары мейлінше мұқтаж еді. Өйткені, қаланың өз халқы арасында тапсырылған қызмет түрлерін жүргізе қоятындай сауатты адамдар аз болатын. Міне, бұдан бір ғасырдан аса қалада облыстық Статистикалық комитеттің құрылу тарихы осылай басталған – ды.

Статистикалық комитетті бөле – жара сөз етіп отырған себебіміз, ол – осы өлкедегі тұнғыш мәдени әрі алғашқы ғылыми орталық болды. Оның сан – салалы қызметін жүргізуге тұрғылықты адамдар мен бірге қаладағы жер ауып келгендер де қатыстырылады. Солардың бірі – кезінде ұлы Абаймен достасқан орыс оқымыстысы Е.П. Михаэлис болатын. Евгений Петрович – облыстық Статистикалық комитетті құрушылардың бірі болды және оның секретары қызметін атқарды.

Рас, Михаэлистің кім екенін және қаламыздың мәдени өміріне қандайлық үлес қосқанын бүгінгі семейліктер білмейді емес. Өйткені, ұлы Абайдың досы ретінде ол туралы облыстық баспасөз беттерінде көп жазылған. Солай болса да кейінгі жылдары қолымызға іліккен мына бір тарихи деректі сөз ете кету жөн сияқты.

Михаэлис – 1913 жылы 2 желтоқсанда Өскемен қаласында 72 жасында қайтыс болды (ол 1841 жылы 26 қыркүйекте Петербор қаласында отставкадағы заң қызметкерінің семьясында туылған). Оның – өлімі сол жылдардағы зиялылар үшін аса қаза болған еді. Орыс географиялық қоғамы Батыс – Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі өз жазбаларының 1941 жылғы VIII – ші басылымын тұтастай дерлік Евгений Петрович Михаэлиске арнап шығарады. Басылым Семейдің осы жылдардағы белгілі білімпаздарының бірі Б. Герасимовтың Михаэлистің өмір жолын, әсіресе оның Семей мен Өскемен қалаларында тұрып өмір сүрген кезеңдерін сөз ететін көлемді мақаласымен (некролог) ашылады. Енді сол еске алу мақаладан сәл ғана үзінді оқып көрелік:
«Е.П.(Евгений Петровичті айтады) считался знатоком Степного края. Его наблюдательный ум быстро подмечал все интересное и заслуживающее внимания… Познакомившись с Кунанбаевым и заметив его недюжинные способности, Михаэлис обратил на его воспитание серьезное внимание. В продолжение нескольких лет Абай гостил в г. Семипалатинске с декабря по март, проводя все вечера в беседах с Михаэлисом. Это воспитание дало свои результаты». Михаэлис – Семейде 1869 жылдан бастап ұзақ уақыт тұрып, қызмет істейді. Оның Ертіс өңірі қазақтарының өмірі жайлы зерттеу еңбектерін жазатыны да, оның ұсынысымен Абайдың облыстық Статистикалық комитетке құрметті мүше болатыны да осы жылдар. Ал, кейін Комитеттің тапсыруымен Абай қазіргі «Қара сөздерінің» ішінде ең бір ерекшесі, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» зертеу еңбегін жазады.

XIX ғасырдың сексенінші жылының басы саяси жер аударылғандардың Семейге ерекше көп келген кезеңі болады. Солардың бір тобы өз ұстаздары Е.П. Михаэлис арқылы танысудан бастап, кейін Абайға достық қолын ұсынатын орыс оқымыстылары: А.Л. Блек, С.С. Гросс, Н.И. Долгополов, А.А. Леонтьев, П.Д. Лобоновский, Н.Я. Коншин және басқалар еді.

Бүгінде облыстық тарихи – өлкетану музейінің кітапханасы қорында 1890 жылы Семей қаласына саяси жер аударылып келіп, содан өмірінің соңғы үзігі – 1934 жылдың жазына дейін қаламызда тұрып қызмет істеген белгілі тарихшы, өлкетанушы Николай Яковлевич Коншиннің «Материалы для истории политической административной ссылки в степной край» деген еңбегі сақталған. Журнал бетімен есептегенде 97 беттік бұл тарихи еңбек патшалық Россия заманында қазақ даласының Ақмола және Семей облыстары жеріне 1883-1905 жылдарда саяси қылмыскерлер ретінде жер аударылған 213 адамның өмір жолы қысқаша тұжырымдалыпты. Осынау тарихи деректерді оқып отырған Е.П.Михаэлисті айтпағанда солардың жоғарыдағы алтауымен ұлы Абай сыйлас та сырлас болғанын аңғарамыз.

Бір қызығы, олардың бәрі де Абайдан көп кіші болыпты. Мәселен, 1884 жылы саяси қылмыскер ретінде Семейге жер аударылып келгенде А.А. Леонтьев – 26 жаста да, А.Л. Блек – 24 те ғана болып шықты. Біріншісі – запастағы гвардия поручигі, екіншісі – Петербург университетінде оқып жүрген жерінен қуылған. С.С.Гросс – 1883 жылы Семейге келгенде 31 жастағы азамат екен. Алайда, саяси қылмыскер ретінде айыпталғанға дейін жоғарғы білім алып үлгеріпті. Семейге келгенде ол – заң қызметкері. Солай болғандықтан да облыстық Статистикалық комитет басшылары оған қазақтың әдет – ғұрпын, салт – дәстүрлерін зерттеумен шұғылдануды жүктейді. Соның ақыры – С.С.Гросс, А.Л.Блек және А.А.Леонтьев «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов» деп аталатын көлемді де құнды еңбек жазды. Облыстық Статистикалық комитеттің Семей қаласының мәдени өміріне қосқан келелі үлестерінің екінші бір елеулісі ретінде 1883 жылы қалада облыстық музей мен облыстық қоғамдық кітапхана ашылды.

Әдебиеттер тізімі:

Семей кеше және бүгін : библиографиялық құрал.- Семей: Талант, 2010.- 78 б.
Б.Г. Герасимов – көрнекті өлкетанушы, зерттеуші.- Семей.2002.- 7 б.
Төлеуғазықызы З. Туған жер тұнған шежіре // Семей таңы. – 2007. – 24 мамыр. – С. 3
Семипалатинску 285 лет.- Семипалатинск, 2003.- 116 с.