Қала саудагерлері

Қалада тұратын және саудамен айналысатын ортаазиялық көпестер тауарларын шетелден әкеп, шетелден шығарғаны үшін мемлекетке міндетті баж төлеп тұрды.
Семей жерінен өтетін сауда керуендері Семей кедені арқылы тіркеліп отырды. Әрине, мұндай керуен шерулер ұры-қарасыз болмайтын, сондықтан Семей кедені сауадгерлердің өтінішіне орай қазақ жері арқылы жан-жаққа өтетін керуен-шерулерге қауіпсіздігі үшін күзет отрядын қосып беріп отырды.

Семейдегі қазақ саудагерлері

Қазақстанда, соның ішінде Ұлы Жібек жолы Семейде ішкі сауданың дамуы мен оның сыртқы байланыстарының қалыптасуы жергілікті қазақ саудагерлерінің қалыптасуына әкелді. Алдымен олар Петропавловск, Семей тағы басқа қалалар көпестерінің агенттері ретінде қызмет атқарса, сонан кейін қазақ саудагерлері шекара жүйелерінде, форпостарында, әсіресе ауылдарда сауда жасай отырып өз кәсіптерін ашты. Тройск, Ташкент, Бұхара, Хиуамен байланыс жасайтын қазақ саудагерлері басымдық көрсетті. Тауар сатып алу үшін олар Ірбіт жәрмеңкесіне, тіпті Қытайдың Шұғышақ қаласына дейін барды. Жекелеген қазақ саудагерлері ірі сауда капиталына ие болды.

1854 жылы Семей облыс болып құрылғаннан бері қалада ірі мерекелер өтіп, сауда-саттық қызу жүргені тарихта белгілі. Осы мерекеге талай-талай ақсүйектер қатысып атсалысты. Қарапайым күрек ұстағандар оны көре алған жоқ. Қазақтар сол бір қасаң заманда феодалдық өмір қатынасында өмір сүріп жатты. Жаңадан ашылған Семей облысына әскери губернаторды Ресей императоры арнайы Жарлығымен тағайындады. Бұл қызметке лайық деп полковник П.М. Спиридонов тағайындалды. Ал, Семей қаласының басшысы – мэрді сайлау шаһар жұртшылығына ұсынылды.

Семейде сол бір жалдары қазақ ішінде бірінші гильдиялы көпес шенін алғашқы болып алғандардың бірі, қаланың тумасы, ауқатты қазақ Бұршақ Еспаев (1803-1889) болды. Ол Шоқан Уәлихановтың Қашғария экспедициясына қатысқан саудагер. Бұршақ Еспаевтың Семей жұртшылығына беделі зор кісі болған. Б.Еспаев – Қытаймен сауда жасаған көпес. Ол 1869 жылы генерал-губернатор Колпаковсийге Зайсан уезін ұйымдастырсақ, Қытаймен сауда жақсарады деген ұсыныс жасайды. Ол іс 1869 жылы орындалады. Кейін бұл жұмыс жақсы нәтиже береді.

Семейдің атақты миллионері, бірінші гильдиялы көпес Қаражан Үкібаев та тарихта қалған тұлға. Қаражан Үкібаев Семей қаласына тұңғыш рет 100 нөмірлі телефон орнатқан кісі. Соған орай ондай телефонды пайдаланушылар жөнінде сол жылы анықтама кітапшалар да шығарылған. Қаражан бұл телефонды барлық жабдықтарымен қоса кезінде Америкадан сатып алды. Қаланың сол жақ бөлігіндегі ”Тыныбай Слободкасы” деп аталған бір бөлігі уақ руынан шыққан екінші гильдиялы көпес Тыныбай Кәукенов есімімен байланысты.
Тыныбай Кәукенұлы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда товар-ақша қатынасы терең дамып, кең қанат жая бастаған кезде Семей өңірінде қазақ арасында алғаш саудамен айналысып, 2-ші гильдиялы көпес атағын алған ірі саудагер бай.

Мұны 1839 жылғы 22 тамыздағы ”Семей қаласының жоғарғы жағында көшіп жүрген қырғыздардың жағдайы туралы баяндама” атты мұрағаттық материал да растайды: ”…Семейлік Тыныбай Кәукенов деген қырғыз сауда жасаумен айналысып, біршама қаржы жинап алды, сөйтіп қалада үй салып, 1839 жылы үшінші гильдия бойынша көпестікке жазылды”. Сондай-ақ Қазақстан архивінде ”Уақ болысының старшинасы Кәукеновты Семей қаласының көпестер сословиесіне кіргізу туралы” 1842 жылғы мұрағаттық іс сақталған. Бұл көрсетілген архивтік материалдар Т.Кәукеновтің шынымен Семей қаласында өмір сүргенін қуаттайды. Көпес болғандықтан ол Ертістің сол жағалауынан тұрғын үй салған. Үйдің жанынан мұсылмандарға арнап мешіт салдыра бастаған.

Беттер: 1 2 3 4 5 6