Тіл-татулық тұғыры: кең көлемді кітап көрмесі
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында 19 қыркүйек күні 22 қыркүйек- Қазақстан халықтарының тілдері күніне арналған «Тіл-татулық тұғыры» тақырыбында тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жетістіктерді паш етуге бағытталған кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі біздің елімізде тұратын барлық азаматтардың туыстығы мен бірлігінің, достығының белгісі. Тіл саясаты республика аумағында тұрып жатқан бүкіл этностардың мәдени мұраларын дамытуға бағытталған.
Көрменің бірінші бөліміне ҚР тіл туралы заңы, А.Байтұрсыновтың «Тіл тағлымы», Н.Ә.Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен» кітабынан алынған ана тіл туралы цитаталар, А.Ә.Османның «Тіл тәуелсіздігі –Ел болашағы», Ө.Айтбайұлының «Тілтірек», М.Балақаевтың «Қазақ тілі мәдениеті» кітаптары, екінші бөлімінде түрлі сөздіктер мен газет журнал бетіндегі мақалалар қойылды. Көрме қыркүйек айының 19-25 аралығында оқырман қауымға ұсынылатын болады.