Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы: республикалық ғылыми онлайн-конференция
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханасы 31 мамыр –Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында 25 мамыр күні ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай ZOOM платформасында «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференциясын ұйымдастырды.
Ұлт жолында қызмет етіп, ғұмырын сарп еткен азаматтардың өмірі мен шығармашылығына, күрес жолына бойлау, жас ұрпақ санасында «Алаш» идеясының тарихи маңызын айшықтау, Семей қаласының ұлттық рухани маңызын орнықтыру. Әлихан Бөкейханның қазақ тәуелсіздігіне қосқан орасан үлесін терең түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған шараға ғалымдар, тарихшылар, филологтар, мәдениет саласының қызметкерлері, ЖОО мен колледждердің оқытушылары және кітапханашылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция модераторы ақын, алаштанушы, өнертанушы Құсмілия Жырғалұлы Алаш көсемінің саяси көшбсшылық қызметіне, азаттық идеяларына тоқталды. Кітапхананың директорының орынбасары Г.М. Аязбаева 2017 жылы Алаш үіметінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш» электрондық кітапханасының мазмұнымен, толықтыру шараларымен таныстырды.
Конференцияда Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы ҚР ҰҒА академигі М. Қойгелдиевтің «Ә.Бөкейхан: ұлы тұлға бастаған азаттық қозғалыстың ұлт тарихындағы орны туралы», алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Біртұтас Алаш идеясы», Л.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Д.Қамзабекұлының «Алаш арыстарының ақ жолы», С.Жүсіптің «Қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасы – Алаш Республикасы оның тұңғыш басшысы Әлихан Бөкейхан», алаштанушы «Жастар» мемлекеттік сыйлығының иегері Елдос Тоқтарбайдың «Әлихан Бөкейханның ұрпақтары: тағдыры, қызметі, ашқан ғылыми жаңалығы», Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры Кәрімов Мұхтарбек Қарпықұлы «Әлихан Бөкейханның Семейдегі туыстары» тақырыптарындағы және т.б. алаштанушы ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Конференция барысында ұлы тұлға бастаған азаттық қозғалыстың ұлт тарихындағы орны, Алашорда ұлттық үкіметі 1918 жылдың жазында іске кірісіп, 21-24 маусым аралығында алғашқы заңнамалық қаулылар: Алаш әскерін, яғни Алаш армиясын құру, қазақтың билер сотын қалпына келтіру, жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін енгізу, мемлекеттік институттарды қалыптастыру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қазақ жерінің түкпір-түкпірінде мемлекеттік органдарды құру жөніндегі қаулылар қабылданғаны жайында баяндалды.
Әлихан Бөкейханның Семейдегі туыстары, ұрпақтары және олардың тағдыры, қызметі, ашқан ғылыми жаңалығы жайлы танымды ақпараттар берілді.
Шараның соңында конференцияның модераторы Қ.Нұрқасым алаштанушы ғалымдардың баяндамалары негізінде Семей қаласында Алаш музейінің ашылуы қажеттігін, Семей қаласында Алаш қайраткерлерінің аллеясы болуы керектігін, еліміздің болашағы жастар мектеп қабырғасынан бастап Алаш рухымен тәрбиеленуі міндет екендігін айтып, шараны қорытындылады.