Тәуелсіздік құрдастары: интеллектуалды кездесу
20 қаңтар күні Қазақстан Республикасының 30-жылдығына орай Семей қаласының жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Тәуелсіздік құрдастары» атты интеллектуалды кездесу өтті. Кездесу барысында «мәдениет», «білім», «спорт және туризм», сондай-ақ «жастар кәсіпкерлігі» сынды жастар саясатының негізгі басым бағыттары бойынша командаға бөлінген жастар өз идеяларын ортаға салып, жыл көлемінде жүзеге асырылатын жобаларының жоспарын ұсынды.
Шара барысында ұсынылған жобаларымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Байжұманова Айгерім, спорт және туризм секторының маманы Дюсенбаев Бауыржан, сондай-ақ Абай атындағы әмбебап кітапхананың бөлім меңгерушілері Батхолдина Майгуль мен Чушекова Жанар ментор ретінде қатысып, өздеріне ұнаған жобаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша жинақталған идеялар мен жобаларды жастар ресурстық орталығы Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай өткізілетін «30 жылға – 30 игі іс» атты ауқымды жобаға іріктеп алып, жыл көлемінде жүзеге асыру жоспарлануда. Жыл соңында Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арналған салтанатты жиында үздік жобалар марапатталатын болады. Кездесуге қатысқан бөлім мамандары мен жастар кездесудің нәтижелі өткенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.