Соғыстан кейінгі жылдары Семейде халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жалғасты. «Бәрі халық үшін» деген ұранмен 1946 жылдан бастап қала кәсіпорындары отандық өнімдерін шығара бастады.
Ертіс жағалауындағы көп қабатты үйлер, соңғы жобамен салынған аэропорт, темір жол, өзен вокзалы, театр үйі, кинотеатрлар, неке сарайы, «Рахат» тұрмыс қажетін өтеу үйі, орталық мейманхана т.б. құрылыстар сол кездегі Семей қаласының ажарын аша түсті.
1949 жылғы 29 тамызда Семей жерінде әлемді дүр сілкіндірген оқиға өтті. Ол ядролық қуаты 20 килотонналық алғашқы ядролық сынақтың өткізілуі болды. 1949 –1989 жылға дейін 40 жыл ішінде Семейден 120 шақырым жердегі полигонда 458 ядролық жарылыстар, 88 әуе, 30 жер үсті, 340 жер асты жарылыстары жасалған. Осы кезең ішінде 500 мыңнан астам адам ионды сәуле алды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов: «Өкінішке қарай, ядролық сынақтардың апатты зардабы уақыт озған сайын күшейе түсіп, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, барған сайын қатерлі әсер етуде. Бұл зардаптарды жою халықты емдеу, сауықтыру, денсаулығын қалпына келтіру, әлеуметтік қорғау жөніндегі арнаулы мемлекеттік бағдарлама мен кешенді шараларды жүзеге асыруды қажет етеді», – деді. Бүгінде Семей қасіреті — әлемдік деңгейде шешуді қажет ететін жаһандық мәселеге айналғаны құпия емес.
1960 жылдардың басында Семей қаласы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті қала атанды. Жеңіл кәсіпорындар «Большевичка», «Аяқ киім», «Тері-мех» комбинаттары халыққа жаңаша қызмет ете бастады. Осы кезден бастап көптеген зауыттар ашылып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.
1950 жылдардан бастап цемент зауыты, жүн өңдеу зауыттары салынып, Семей ет-консерві комбинаты кеңейтіліп, тұрғын үй құрылысы дамыды. Цемент зауыты қаладағы асбестцемент өнімдерін, силикат кірпіштерін шығаруға көп септігін тигізді.
1961 жылы Семей асбест-цемент (шифер) бұйымдары зауыты құрылыс материалдарын шығаруда республика бойынша жетістіктерге жетті.
Қала халқының өсуіне байланысты Ертіс өзенінен өту барысында жаңа көпір салу ісі қолға алынды. Сөйтіп 1964 жылы белгіленген мерзімінен 2 жыл бұрын автомобиль және жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынып бітті.
1950 жылдардан бастап қалада мектептер, клубтар, кинотеатрлар халықтың рухани қажетін өтейтін мәдени орталықтар салына бастады. Қала тіршілігін жандандыруда жаңадан су құбырлары тартылып, гүлзарлармен көркейту сияқты абаттандыру жұмыстары жалғасын тапты.
80-жылдардың ортасында қала құрылысын жандандыруда құрамында бейруда материалдары, тас өңдеу комбинаттары, тәжірибе механикалық ірі панельді үй құрылысы зауыттар енген темір-бетон өндірістік бірлестігі қалада көп қабатты сәнді үйлер салуда қарқынды жұмыстар жүргізілді.
Өнеркәсіп пен құрылыс жұмысы еңбекшілердің мәдени және тұрмыстық қажетін өтеу, денсаулық сақтау мен оқу ісін жақсарту мәселелері бірінен кейін бірі орындалып жатты. Халықтың білімін, мәдениетін көтеруде ашылып жатқан кітапханалар, клубтар, кинотеатрлар, мұражайлар саны көбейе бастады. 1958 жылы қалалық мәдениет үйі салынып, көптеген көркемөнерпаздар үйрімелері белсенді жұмыс істеді.
Семей жастардың қаласы атанды. 1980 жылдары Қазақстандағы ең ірі қалалардың бірі – Семей қаласы бірнеше оқу орындарының рухани білім ордасы болғаны анық, оның ішінде мемлекеттік медицина инстиуты, педагогикалық институт, зоотехникалық-малдәрігерлік және технологиялық институттар болды. Қалада 15-ке жуық техникумдар мен училищелер: автомеханикалық, қаржы, құрылыс, медициналық, педагогикалық, мәдени-ағарту училищелері қызмет етті. 1976 – 1980 жылдар арасында қала оқу орындары 22 мың мамандар дайындап шығарды.
1985 жылы Семейде Қазақстандағы көркемсурет құндылықтарын жинаған ірі мәдениет орындарының бірі – Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайының ашылды. 1988 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Советінің шешімімен жеке мұражай ретінде таныла бастады.
Семей облыстық Әміре Қашаубаев атындағы филармония, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы, Ф.Достоевский атындағы орыс драмалық театры, тарихи- өлкетану мұржайы тағы басқа мәдени орталықтар халыққа әлі де қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Асанқызы Р. Семей – халқымыздың мәдени-рухани бесігі// Семей таңы.- 1998.- 20 тамыз
Бапанова Ә. Өңір өркендеп келеді// Семей таңы.- 2008.- 7 ақпан
Мағауина З. Семей: кеше және бүгін.-Семей: «Талант», 2010.-75 б.
Семей: кеше және бүгін // Семей таңы.-1998.-10 қыркүйек.-11 б.
Сейсенұлы Д. Семей елі, Семей жері.-Семей, 2001.-400 б.
Өзгеріп, өңейген қала: (Семей – 270) // Семей таңы.-1988.-9 сентябрь
Тарихтың қоймасындай, біздің Семей осындай // Семей таңы.-1988.-30 сентябрь