Адамзат тарихында алапат жылдар ретінде тарихта ерекше орын алатын Ұлы Отан соғысы өткен (1941-1945) сұрапыл жылдар жайында біз қанша естіп, оқып-біліп жүрсек те, әрдайым туған елдің сол жылдардағы қиын жағдайы, жауынгерлеріміздің Отан қорғаудағы жанқиярлық ерлігі мәңгілік ұмтылмақ емес
Семейде шығып тұрған «Екпінді» газеті 1941-1945 жылдары Семей өңіріне соғыс майданының хабарларын жеткізуде, майданға аттанған сол жылдардағы жерлестіріміздің ерен ерлігін, тыл еңбеккерлерінің жан қиярлық еңбегін ең көп жазған, орны ерекше басылымдардың бірі болған. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары майдан мен тыл «Екпіндінің» негізгі тақырыбына айналды. Газет «Бәрі майдан майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранды негізгі қағидаға айналдырды. Бұл күндері басылым беттерінде «Семей патриоттары майданға іспен көмектесуде», «Жауды талқандау үшін алға басыңдар», «Социалистік жарыс туын одан сайын жоғары көтерейік!» деген ұрандар үлкен әріптермен көрнекті орында беріліп отырған. Мұнда қала, ауыл-село жұмысшы және еңбекшілерінің халықты еңбекке жұмылдырып, жігерлендіру мақсатында айтқан сөздері жарияланған.
Сұрапыл соғыс жылдары шығып тұрған газет беттерін парақтар болсақ, 1943 жылғы 6 апрельде (сәуір) шыққан номерінде «Қызыл Армияның даңқты жеңістері» деген мақалаға еріксіз көзің түседі. Мақалада Кеңес әскерлерінің 1943 жылы жеңіске бастар алғашқы қадамдарын қыстай 4 ай бойы үздіксіз жүргізе отырып, дұшпан армиясының шегінуге мәжбүр болғаны жайында, Отанымыздың бірқатар қалаларының азат етілуі жайында жан-жақты айшықталған. Газет бетіне көз жүгіртсек, «Мұнда Еділдің жағаларында немістер соғыс тарихындағы аса үлкен жеңіліске ұшырады. Орталық Дон, мен Воронеж аудандарында да, Демянскі ауданында да дұшпанға өлтіре соққы берілді. Қуатты соққы беру арқылы Қызыл Армия Ленинградтың қоршауын бұзды. Орталық майданда біздің әскерлеріміздің шабуылы дұшпанның Ржев, Гжатскі, Вязьма аудандарындағы бекініске сүйенген, шығысқа қарай көп алға басқан қамалдарын жоюды жүзеге асырды.
Қыстың ауыр жағдайларында Қызыл Армия кейбір учаскелерде батысқа қарай 600-700 километр алға басты. Совет елінің Қызыл Туы ондаған ірі қалалардың, соның ішінде облыстық, өлкелік, орталықтардың көптеген мыңдаған селолардың, деревнялардың, хуторлар мен поселкелердің үстінде желбіреп тұрды.
Миллиондаған совет азаматтары фашист қақпанынан босатылды. Ставрополь өлкесі, Шешен, Ингуш, Солтүстік Осетин, Кабардо-Балқар және Қалмақ автономиялы республикалары, Воронеж және Сталинград облыстары, Черкесс, Карачай, Адыгей автономиялы облыстары жаудан түгелдей тазартылды. Краснодар өлкесі, Ростов және Курск облыстары түгел дерлік, Ворошиловград, Смоленскі және Орлов облыстарының едәуір бөлігі жаудан тазартылды».-, деп жазады.
«Совет информбюросының хабары бойынша 4 ай 20 күннің ішінде неміс-фашист әскерлерінің шығындары 850 000-нан аса солдаттары мен офицерлерінен тек өлі айырылған, 343.525 адам қолға түсірілген.
Қызыл Армияның соғыс олжалары шынында өте көп. 1490 самолет, 4670 танк, әртүрлі калибрдегі 15 860 зеңбірек, 9 835 миномет, 30 000- нан аса пулемет, тағы басқа көптеген әртүрлі қару-жарақтар мен соғыс мүліктері біздің қолымызға түсті». Міне, бұл үзінділерден Ұлы Жеңіске қадам басудағы орасан жетістіктер мен жауынгерлеріміздің өшпес ерліктерін байқаймыз.
Газетте соғыстағы әскерлердің ерлігі, әскер семьясына көмек беру, жауынгерлердің бұйрықты орындаудағы материалдар жеткілікті жарияланған.
Ұлы Отан соғысы жылдары бірнеше аудандарда «Екпінді» газетінің тілшілер пункті құрылды. Мысалы, Ақсуат ауданында газет қызметкері К.Шамкин осы бастаманы қолға алып ұйымдастырған. Аудан еңбекшілерінің майдан үшін, жеңіс үшін жасап жатқан тылдағы ерліктері, мал шаруашылығын шығынсыз өркендету, егіннен мол өнім алу олардың көтерген негізгі тақырыбы болды. «Жарыс табыстарын баянды етейік» айдарымен аудан, ауыл тілшілерінің хат-хабарлары жарияланды.
Соғыс жылдарында «Астық үшін күрес – жауды жеңу үшін күрес» деп аталған айдармен колхозшылардың белсенділігі, аудан, колхоздардың мемлекетке астық тапсыру қарқындары жайлы мақалалар берілген.
«Екпінді» газетін парақтай отырып, сол кездегі Ұлы Жеңіс жолында тек қана майдангерлер ғана емес, тыл майдангерлерінің орасан зор еңбегіне көз жеткзуге болады. Оған дәлел, «Егіс қарқыны барынша күшейтілсін!», «Егісті сапалы өткізейік», «Қарқын күшейтілсін»! атты ұрандармен жүргізілген егін егіп, оны өндіруде орындалып жатқан абыройлы істер Семей өңірінің әр совхозында атқарылып жатқаны баяндалған. Сол кездегі Мақаншы ауданы, Коминтерн колхозының егін егудегі жетістіктері, дәнді егісті оруға кіріске Үржар ауданының «Красные горные орлы» колхозының астық өндірудегі жетістіктері жайында газеттің 1944 жылғы 15 июльдегі номерінде жазылған.
«Дәнді егісті оруға кірісті» атты мақалада: «Үржар ауданындағы «Красные горные орлы» колхозындағы биылғы жылы егін шығымы өте жақсы. Қазір егін пісіп, оруға келіп қалды. Егін жинауға 3 комбайн, 10 лобогрейка шығарылды. Астық бастыру жұмысының алғашқы күндері дәнді егістің кейбір учаскелерінен гектарына 13 центнерден өнім алынатындығын көрсетті. Сөйтіп колхозшылар мемлекет алдындағы міндеттемесін өтегеннен кейін және егіске керекті тұқымды құйып алғаннан кейін еңбек күнге 7 мың центнерден аса астық алғалы отыр». – деп жазады.
Ұлы Отан соғысы жылдары «Екпінді» газетінде көтерілген тақырыптардың бірі – соғыс жылдарындағы әйелдердің алуан түрлі жан қиярлық өнегелі істері болды. Газет тылдағы әйелдердің сан-салалы жұмыстарының марапаттаушысы болды. «Патриот әйелдердің жауынгерлік міндеті», «Әйелдер ерлік еңбекке» деген тақырып-айдарлармен тылдағы еңбектің басты ауыртпалығын атқарып жүрген әйелдердің патриттық істерін баяндады.
1940 жылы «Екпінді» газетінің Бүкілодақтық көрмеге қатысуы басылымның сол кездегі беделінің айғағы болса керек (Молдашева, 82). Ұлы Отан соғысы жылдарында соғысқа аттанған азаматтардың ерен ерлігі жайлы «Майдандағы қазақ батырлары» деген айдармен жауынгерлердің ерлік ісін, батырлық, қайсарлық өнегесін баяндайтын мақалалар жиі басылып тұрды. Сондай-ақ Семей өңірінің ақын-жазушылары да өз өлең-жырларымен халықты рухтандырып, Ұлы Жеңіс үшін мадақ жырларын төгілтуде С.Әлімбетов, Н.Баймұратов т.б. семейлік ақындар өлең-жырларын соғыс тақырыбана арнады. Соның айғағы ретінде ақын Төлеу Көбдіковтің «Екпінді» газетінің 16 апрельдегі номерінде жарияланған «Ер еңбегі елге мақтан» деп аталатын өлеңі Халық жазушысы, жерлесіміз Әзілхан Нұршайықовтың «Семей жігіттері Отан үшін ұрыстарда» мақаласындағы мына бір өлең жолдары:
«Жігітіміз Семейдің шығыстағы,
Өрлей түсер майданда ердің бағы,
Ойрандадық ордасын немістердің,
Талай зұлым дұшпанның сынды сағы»,-деген жыр жолдары жерлестеріміздің ерліктерін паш етеді.
1945 жылдың Ұлы Жеңісті әкелген 9 мамыры күні газеттің кезектен тыс саны шығарылды. «Ұлы Жеңіс жасасын!» деген жалпы тақырыппен фашистік Германияның Кеңес қарулы күштерінің алдында тізе бүккендігі, 9 мамыр – Жеңіс мерекесі болып жарияланғандығы туралы хабарлар, облыс еңбекшілерінің майданда және тылда жеңіске қосқан үлесі туралы мақалалар берілген.
Нұршайықов Ә. Семей жігіттері Отан үшін ұрыстарда // Екпінді.- 1944.- 7 ноябрь.
Иманжапар М. Халық поэзиясы отты жылдарда// Семей таңы.- 2005.- 13 мамыр.- б.2
Майдангер қаламгерлер: Ұлы Жеңістің 65 жылдығына: анықтамалық.-Алматы, 2010.-136 б.
Молдашева Р. «Сарыарқадан» Семей таңына» дейін.- Семей, 2004.-83-86 б.
Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Библиографиялық құрал.- Семей: Талант, 2010.- 3.
Семейдің Ертіс өңірі соғыс жылдарында // Семей таңы.- 1995.- 18 ақпан.- б.2