Абай Құнанбаевтың 170-жылдығына арналған виртуалды көрме

Әлемдік ойдың алыбы

Әлемдік ойдың алыбы

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында «Әлемдік ойдың алыбы» тақырыбында виртуалды көрме ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты: пайдаланушыларды Семейдің ғасырдан артық тарихы бар қоғамдық кітапханасының сирек басылымдарының  қазына  қорымен, бүгінгі күні әлем халқы ана тілдерінде  сусындап отырған шығармаларымен және  ғұлама ақын тұлғасын ашатын сирек өлкетану  дерек көздерімен таныстыру.  Кітапхана қорындағы Абай шығармаларын және абайтануға байланысты мол материалдарды  оқырман ортасына ұсыну.

Семейдің қоғамдық кітапханасынан орыс классикалық әдебиетінің мол қазынасына мейірі қана сусындаған Абай орыс әдебиеті арқылы дүние жүзі мәдениетінің үлгілерімен танысып, өз қаламынан туған асыл мұраларында өрнектерін қалдырып, туған халқының рухани қажетіне жарата білді. Көрменің «Ғасырлар қазынасы» бөлімінде  орыс және батыс классикалық әдебиеті, еуропа ойшылдарының шығармалары мен Абай заманында Семейдің қоғамдық кітапханасы жаздырып алып отырған Ресейлік мерзімді басылымдар ұсынылды.

Пайдаланушыларды кітапхана қорындағы Абайдың мол мұрасымен таныстыру мақсатында ақынның шығармалары мен абайтанушылардың зерттеу еңбектері, Абайдың сандық нұсқаға көшірілген шығармалары көрменің «Ақын мұрасы», «Зерттеулер», «Е-кітапхана»   бөлімдерінде  орналастырылды.

Асыл сөздің ұстасы Абайдың ұлағатты сөздері бірнеше тақырыпқа топтастырылып «Асыл сөз» бөлімінде, ал Абайдың ұлылығын дәріптеген абайтанушылар мен белгілі қайраткерлердің дәйексөздері «Абайдың ұлылығы» бөлімінде көрініс тапқан.

Абай бейнесі халқымыздың бейнелеу өнері мен скультура жанрында, ән өнері мен поэзия жанрында талай тума таланттардың таңқаларлық туындыларына арқау болды. Кемеңгер  ойшылдың тарихи тұлғасын сомдайтын басылымдар көрменің «Қалам ұшындағы Абай», «Тас мүсіндегі Абай»,  «Ақынға арнау», «Музыкалық мұра» бөлімдеріне орналастырылған.  Сондай-ақ, «Абай ғаламторда», «Абайды оқимыз» бөлімдерінен әр пайдаланушы өзіне қажетті ақпараттар ала алады. 

«Әлемдік ойдың алыбы» тақырыбында виртуалды көрмесі Сізге қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады деген ойдамыз. Көрме қоры алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырады. Абай шығармаларымен, абайтану мәселелерімен тереңірек танысқыңыз келсе, Сізді кітапханада күтеміз.

Қазақстан Республикасы,
Шығыс Қазақстан облысы,
Семей қаласы,
Абай көшесі, 86

Шығыс Қазақстан облыстық

Абай атындағы әмбебап кітапханасы

Байланыстар:

тел.: 8(7222) 52-04-94, 52-01-44
факс: 520-494

e-mail: semeybib@yandex.ru