Музыка сыңғыры…: өлкетану қонақжайы
20 мамырда кітапханада «Музыка сыңғыры» атты өлкетану қонақжайы өтті. Ұйымдастырушылар 19 ғасырдың ортасынан 21 ғасырға дейінгі аралығындағы Ертіс жағасындағы қаланың музыка өнерімен таныстырды. Ертістің екі жағасында орналасқан Семей Қазақстанның рухани астанасы, өйткені біздің қала түрлі этнос өкілдерінің мәдениетіне өте бай.
Шара қонақтары қазақ халқының музыкалық аспаптары – домбыра мен қобызды тамашалады. Жас орындаушы А.Әнуарбекованың орындауында күй атасы Құрманғазының «Көкалат» күйі, музыка колледжінің студенттері А.Нұрыбекова, А.Қуанышбековның қобызбен орындаған «Махаббат сазы» көпшілік көңілінен шықты.
Классикалық музыканың дамуына дұрыс бағыт берген, кезінде саяси жер аударылған революционерлер мен жергілікті зиялылардың еңбегі зор болды. Атап айтқанда, Петербордан келген Становтар отбасы музыка өнерінің дауына айрықша үлес қосты. Апалы-сіңлілі Лидия мен Вера Семей қаласының мәдени-ағарту және музыкалық-педагогикалық дамуына бүкіл саналы ғұмырын арнады.
Қазақ музыка өнерінің өркениетті дамуына әнші Әміре Қашаубаев, импровизатор ақын, әнші Иса Байзақов, Лидия Становалар пәрменді ықпал етті. Шара қонақтары жергілікті сазгерлер Мәуліт Рахымбаев пен Ләззат Жұмановамен музыка төңірегінде сұхбаттасты. Қазақстан музыка тарихы мен дамуы жөнінде Әміре, Иса Байзақов, Б.Төлегенова, Р.Рымбаева туралы ұйымдастырылған кең көлемді кітапхана көрмесін қонақтар қызығушылықпен тамашалады.
Өлкетану қонақжайының қонақтары – Н.Назарбаев университетінің профессоры, тарихшы Зохра Измаил (Иран), профессор, философ, дінтанушы Николай Цыремпилов, Қазақстан географиялық коғамының өкілі – Жамила Ауазбекова, «Хабар» агенттігінің редакторы Даниил Глумов бастаған жұмыс тобы Қазақстанның киелі жерлері туралы Семейдегі «Прииртышье» өлкетану қоғамымен бірге тығыз байланысып, өлке тарихына қатысты құнды материалдар жинауда белсене атсалысты. Алыстан келген құрметті қонақтар кітапхананың құнды сирек басылымдар қорымен танысты.