Семейдің қылқалам шеберлері: өлкетану қонақжайы
17 наурыз күні Абай атындағы кітапханада өлкетану қонақжайы аясында есімдері танымал бола қоймаған қала суретшілерінің қолөнердегі жетістіктері туралы қызықты ақпараттар ұсынылды. Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының ұсынған ғажайып туындылары қатысушылардың назарын бірден баурап алды.
Мұражай маманы Ильвира Халитова суретші Виктор Белослюдовтың қаламыздың мәдени және көркем өмірі, бейнелеуде ерекше үлес қосқан туындылары туралы әңгімеледі. Ол – заманында өзінің шәкірттерінің сурет өнеріне деген қызығуын оята білген және Семей қаласында өткен сурет көрмелерін ұйымдастыруда белсенділік танытқан тұлға.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Семейде өмір сүріп, және жұмыс істеген О. Васильев, П. Полинин, В. Халдеев, В. Колмаков, Е. Рунин, А. Белослюдова т.б. суретшілердің есімдерін Виктор Белослюдовтың жазбаларында сақталғаны шара қонақтарын таң қалдырады. Олардың ізін жалғастырып отырған А.Несина, В. Сухов, В.Христолюбов, Г.Шереметьев туындыларының көбі Семейдің әсем табиғаты мен буырқана аққан асау Ертіс өзеніне арналған. Оларды қызықтырған – Семейдің ерекше күлгін түсті аспан пейзажы болды.
Өлкетанушы Марат Сасанов көптеген картина, пейзаждар салған А.Белослюдованың еңбектерінен тапқан қызықты картиналары туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, Семейге жер аударылып келген П.Д Лобановский – ұлы Абаймен танысу барысында қарап отырып қарындашпен портретін салған автор. Суретші кейіпкерін ешқандай әсірелеусіз шынайы бейнелеуге күш салғаны көрінеді. Шара қонақтары туған жердің бейнесін бейнелеуде патриоттық танытқан Семей қылқалам шеберлерінің картиналарынан және олар туралы басылымдардан ұйымдастырылған кең көлемді көрмемен танысты.