Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі: беби шоу
Абай атындағы кітапхана 1 – маусым балаларды қорғау күніне және балалар әдебиеті бөлімінің ашылу салтанатына орай «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты мерекелік кеш өткізді.
Балалар мерекесінде кітапхана пайдаланушыларының назарына балалар әдебиеті бөлімінің салтанатты лентасын қию рәсімі, концерттік бағдарлама, ойындар, сайыстар, викториналар ұсынылды.
Шара барысында №37 мектеп – гимназияның оқушылары Мұхтаров Тамирлан мен Ерешов Мейіржанның орындауында «Туған ел», Бесқарағай ауданы орта мектебінің 1 сынып оқушысы Исаев Ералы «Бақытты болыңдар адамдар» әндерін шашу ретінде тарту етті. №37 мектеп – гимназияның «Балауса» би тобының орындауында қазақ биін және №30 мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Жүнусова Алиманың орындауындағы үнді биін балалар зор ықласпен тамашалады. «Империя танца» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы «Эфсайд» командасының жас бишілер тобы өз өнерлерімен жас бүлдіршіндерді тәнті етті. Ертегі кейіпкерлерін сомдаған кітапхана қызметкерлері мерекеге қатысқан балаларға ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Мерекелік шарада балалар әдебиеті бөлімінің қызмет бағыттары мен кітап қоры жайындағы бейне-көрсетілім ұсынылды. Кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан оқырмандар алғыс хаттармен марапатталды. «Жанұя орталығы» қоғамдық қоры қызметкерлерімен бірге өткізген сайыстар мен әртүрлі ойындардың жеңімпаздарына сыйлықтар таратылды.