Ядролық қарусыз бейбітшілік әлемге: виртуалды көрменің тұсаукесері
14 шілде күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналып «Ядролық қарусыз бейбітшілік әлемге» атты виртуалды көрменің тұсаукесері өтті.
Тоғыз бөлімнен тұратын көрмедегі ақпараттар Семей ядролық сынақ полигонындағы алғашқы жарылыстан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жағдай хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Аталмыш виртуалдық көрмеде жиыны: қазақ және орыс тілдерінде 42 мақала, 47 кітап, 19 сынақ полигонына арналған өлең, 53 фотосурет, 7 электрондық басылым, 11 онлайн-интервью, 8 бейнефильм, 16 деректі және көркем фильм, 188 библиографиялық көрсеткіш орын алып, ғаламтор пайдаланушыларының назарына ұсынылған. «Ядросыз әлеге бастама алған Қазақстан» бөліміндегі ақпараттар «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстың вице-президенті Сұлтан Картоевтың жеке қорынан алынған. Шараға қала әкімінің орынбасары Н.В.Шарова, қаламыздың зиялы қауым, БАҚ өкілдері, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагерлері шақырылды. Қала әкімінің орынбасары Шарова Н.В. ұйымдастырылған виртуалды көрменің маңыздылығына назар аудара отырып, көрмеде орын алған ақпараттармен әлемнің қай түкпірінен болсын пайдалануға қолайлылығына қуанышты екендігін айтты.
Халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Картоев С.У. шараға қатысушылармен сынақ полигоның жабу үшін халық болып ат салысқан күндеріндегі естеліктерімен бөлісті. Шараға шақырылғандардың арасында Халықаралық антиядролық қозғалыстың мүшелері: Төлеутаев Ш. – Курчатов қаласындағы Достық үйінің директоры, Исаев Н.Н. – Үкіметтік емес Ұйымдар ассоциациясының Вице-президенті, Симбирцева З.М. – антиядролық қозғалыстың ардагері, Серікбаев Б.О. – Абай ауданы Қарауыл ауылының тұрғыны, антиядролық митингілерге қатысушы, Райымбеков К.Г. – Семей қаласындағы Достық үйінің төрағасы, өздерінің жүрекжарды пікірлерімен бөлісті.
Аталмыш шара барысында Азимов Г., Түктібаев Б., Шарипов Ж. және «Ключ» авторлық әндер орындаушыларының орындауында бірнеше ән орындалып, ең жас қатысушы Жакина Мадина сынақ полигонына арналған өлеңді нақышына келтіріп оқып берді. Тұсаукесер дәстүрлі кітап көрмесіне шолу жасаумен аяқталды.