Азаматтық қоғам және сыбайлас жемқорлықпен күрес: дәріс
18 шілде күні Абай атындағы кітапханада кітапхана пайдаланушылары мен кітапханашыларға «Азаматтық қоғам және сыбайлас жемқорлықпен күрес» тақырыбында дәріс өткізілді.
Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн таппай келеді. Шараның мақсаты: жемқорлыққа қарсы күресу үшін, құқықтық және ақпараттық мәдениетті қалыптастырып, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың, халықтың идеологиясын, ойлауын өзгерту. Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа әкелетін жағдайлардың алдын алу мәселелері түсіндіріліп, қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болатынығы айтылды. Дәріс соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы әлеуметтік бейнероликтер тамашалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәсілдері туралы өз пікірлерін білдірді.